«Нұр Отан» партиясы «Менімен қазақша сөйлес» партиялық акциясын бастады, — хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Шараға партия бастамашы болуда. 21 мамырдан бастап акция туралы әлеуметтік желілер арқылы жарияладық», — деді партияның Орталық аппараты баспасөз қызметінің басшысы Әлия Бөриева.
Партияның әлеуметтік желілердегі парақшасында рухани жаңғыру мемлекеттік тіл мәртебесінен басталуы керектігі жазылған. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, насихаттау және қолданыс аясын кеңейту бәрімізге ортақ міндет.
«Бүгіннен бастап күнделікті өмірде отбасымызда бір-бірімізбен, балаларымызбен, айналамыздағы жандармен мүмкіндігінше қазақша сөйлесуге тырысайық. Жұмысымызда, қоғамдық орындарда, көліктерде қазақ тілін кеңінен пайдаланайық. Өзгелердің қазақ тіліне мойын бұруына, қазақшасын жетілдіруге ықпал етейік», — делінген үндеуде.
Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясы өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруіне жағдай тудырып, көмек беруге шақырып отыр.