Сайтқа кез келген кооперация мүшелері тіркеліп, өз өнімдерін тұтынушыларға онлайн түрде ұсына алады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Арман Евниев мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA 24.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, жаңа портал арқылы кооперациялар арасындағы бәсекелестікті арттыру көзделген. Мәселен, әркім өзінің өнім өндіру көлемін, көрсеткіштерін сайттан көріп, жұмыс қарқынын арттыруға талпынады. Және ұжым болып біріккен шаруалар портал арқылы толғандырған сұрақтарына жауап ала алады.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту бағдарламасының көрсеткіштері өзгертіледі. Себебі бұрынғы 6 индикатор салада қордаланған күрмеулі мәселелерді шешуге сеп болмаған.
Арман Евниев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:
— Барлық мемлекеттік қолдау шаралары бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтеріне теңдей жағдайларда субсидия беру көзделеді. Инвестициялық субсидияны, дайындаушы ұйымдардың қосқан құн салығын субсидиялауды сақтап қалу ұсынылады. «АӨК субъектілерінің несиесі және лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау қалпына келтірілетін болады. Шаруа, қожалықтарға, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне, жеке кәсіпкерлерге шағын несие беру жалғасатын болады.