Енді елорда тұрғындары істен шыққан тұрмыстық техниканы, ескі телефон мен компьютерді жаңа такси қызметіне өткізе алады. Таксиді шақыру тегін. Бұл туралы Сlean Taxi әлеуметтік жобасының жетекшісі Оразгүл Есдәулетова айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz сайтына сілтеме жасап.
«Бүгін біз жаңа пилоттық жобаны іске қостық. Жоба аясында біздің машиналарымыз Астана тұрғындарынан істен шыққан тұрмыстық қалдықтарды жинайды. Көліктеріміз электрдің қуатымен жүреді», — деді ол.
Оның айтуынша, астаналық тұрғын 8 (717) 2 64 25 33 нөміріне хабарласып, іске жарамсыз, ескі тоңазытқышты, компьютерді, ескі телефонды аталған такси қызметіне өткізе алады.
«Клиент хабарласқан соң, біздің машинамыз келіп, техниканы алып кетеді. Такси қызметіне сіз ақша төлемейсіз. Осылайша, уақытыңыз мен ақшаңызды үнемдейсіз», — дейді Оразгүл Есдәулетова.
Сонымен қатар, ол жоба жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
«Сіз қатты тұрмыстық қалдықтарды өткізу арқылы әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесіп, жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бересіз. Барлық жиналған қалдықтар әлеуметтік әлсіз топтардың көмегімен өңделеді. Пилоттық жоба әзірше Астана қаласында қолға алынды. Егер жоба сәтті жүзеге асса, бұл жұмысты Қазақстанның ірі қалаларында да жүргіземіз», — деп түйіндеді сөзін Сlean Taxi әлеуметтік жобасының жетекшісі.