Елімізде менингит ауруы тіркелген өңірлер көбейіп бара жатыр

0 1

Қызылорда облысында осы дертке шалдыққан бір адам анықталды. 27 жастағы жаңақорғандық азамат жұмыс орнында басы айналып, есінен танып қалған. Тексере келе одан менингококты вирус табылды. Ал Ақмола облыстық балалар ауруханасына аса ауыр жағдайда 10 айлық сәби жеткізілді. Кішкентай қыздың да менингитке шалдығуы мүмкін деген күдік бар. Бұл туралы «Zhambylnews» АА КТК арнасына сілтеме жасап.

27 жастағы Қызылорда облысының тұрғыны қазір ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр болғанын айтады. Тіпті бір тәулік бойы өздігінен тыныстай алмай, жасанды дем беретін аппаратқа қосылған. Қайта бүгін беті бері қарап, одан ажыратты. Жұқпалы дерт таралып кетпеуі үшін мамандар үй аралап, жұртты екпе алуға үгіттеп жүр. Ал вирус жұқтырған науқаспен байланыста болған 15 адам дәрігерлер бақылауында.

Жақсылық Абдулсаметов, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

-Жұмыс орнынан 11 азамат, отбасынан 4 азамат қарым-қатынаста болған болып бақылауға алынды. Қазіргі таңда отбасындағы бір мүше алдын алу шараларын ұйымдастыру үшін жұқпалы аурулар бөліміне бақылауға жатқызылды.

Көкшетаудағы ауруханаға түскен  10 айлық сәби де менингит болуы мүмкін. Нәресте Біржан сал ауданынан жеткізілген. Қазір жан сақтау бөлімінде жатыр. Әке-шешесі баланың ыстығының көтерілуі тіс жаруына байланысты деп ойлапты. Сөйтіп, сырқаты әбден асқынып кеткенде бір-ақ ауруханаға апарған. Дәрігерлер оның сырқатының белгілеріне қарап, менингококк инфекциясын тексеріп жатыр.

Айнагүл Мусина, Ақмола облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары:

-Қазір белгілісі, ол менингитпен ауырған адамдармен қатынаста болмаған. Біздің инфекционистер эпидемияға қарсы шаралар жүргізу үшін сәби тұратын Біржан сал ауданына кетті. Нәресетенің отбасы мүшелері, олармен қарым-қатынаста болған адамдар қаралып жатыр.

-Кішкентай қыздың мектепте оқитын ағасын дәрігерлер бақылауда ұстап отыр. Ол антибиотиктер қабылдауда. Степняк қаласында тұратын отбасымен байланыста болған туысқандары, ағасының достарын тегіс дәрігерлер қарап жатыр. Ал әлі 1 жасқа толмаған сәбиде менингит шынымен бар ма, жоқ па, оны алдағы күндері сараптама қорытындысынан біле аламыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.