ЖАҢАТАСТА АУЫЗ СУ ТӘУЛІК БОЙЫ БЕРІЛУДЕ

0 12

Жаңатас тұрғындары бұрынғыдай суды сағаттап емес, тәулік бойы пайдалануда, — деп хабарлайды «Zhambylnews»АА Сарысу ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков жұмыс сапарымен Сарысу ауданында болып, Жаңатас қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аудан орталығында орналасқан «Жаңатас-Су-Жылу» мекемесінің қазандығында болып, 25 метрлік түтін мұржасын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Қазіргі таңда мұржаны ауыстыру, яғни қайта жаңғырту мақсатында жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамаға жіберілген. Ағымдағы жылдың жылыту маусымына дейін мұржаны ауыстыру жұмыстарын толығымен аяқтау жоспарланып отыр.

«Жаңатас қаласының су құбыры желілерін қайта жаңғырту» жобасы бойынша бірінші кезеңде 85 шақырым құбыр ауыстырылса, екінші кезеңде ұзындығы 31 шақырым болатын жаңа құбыр жүргізілді. Нысан құрылысы былтыр жыл соңында толығымен аяқталып, бүгінгі таңда Жаңатас тұрғындары бұрынғыдай суды сағаттап емес, тәулік бойы пайдалануда.

Сонымен қатар, Бекболат Серікбекұлы Жаңатас қаласының кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмысымен де танысты. Бүгінгі таңда шаһар бойынша барлық көпқабатты тұрғын үйлердің кәріз жүйесі қалыпты жағдайда.

Кәріз желілерін және тазалау имараттарын қайта жаңғырту мақсатында 1,5 млрд теңгеден астам қаражат қаралып, жалпы ұзындығы 60 шақырымнан аса кәріз желілері жаңартылған.

Биыл Жаңатас қаласына қарасты жеке сектордағы үйлерде де кәріз жүйесі толығымен орнатылмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.