086 үлгісіндегі медициналық анықтамалар арзандауы мүмкін

0 3

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі министрлікке ұсыным хат жолдады. Онда медициналық анықтамалардың заңсыз саудасына жүргізілген тексерістің нәтижесі көрсетілген, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Агенттіктің Астана қаласы бойынша департамент басшының орынбасары Жазира Жылқышиеваның айтуынша, агенттік басшысы екі мекемеге — ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, сондай-ақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне ұсыным хат жолдады. «Біріншіден, Денсаулық министрлігіне үлкен ақпараттық базаны жасау қажет. Онда медициналық тексерістен өткен барлық адамдардың тізімі болуы шарт. Жұмыс берушілер адамды қабылдағанда қағазды сұрамайды, адамның медициналық тексерістен өткенін, я өтпегенін сол ақпараттық базадан көре алады. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі жұмыс берушінің жеке жауапкершілігін енгізуі керек. Ол жұмысқа қандай адамды қабылдап жатыр? Денсаулығы дұрыс па? Егер жұмыс берушінің жеке жауапкершілігі бо5лса, онда жұмысқа тұрғысы келетін адамдар да медициналық тексерістер дұрыс өтетін болады», — деді Ж.Жылқышиева.

Оның сөзіне қарағанда, медициналық анықтамалардың бағасын төмендетуге қатысты ұсыныс та бар. Бүгінде емханада 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманың бағасы 5 мың теңге тұрады. Қосымша нарколог пен психиатрға қаралса, ондай анықтаманың құны 6,5-7 мың теңгеге шығып кетеді. Ал ғаламторда осы санаттағы заңсыз құжаттарды 2,5-3 мыңға сатып жатады.

«Біз денсаулық сақтау министрлігіне медициналық анықтамалардың бағасына қатысты тағы бір ұсыныс жасадық. Себебі қарапайым адамдар үшін 5-6 мың ақша шығарған оңай емес. Енді, нақты соманы көрсеткен жоқпыз. Бірақ бағаны төмендетуді ұсындық. Әлі бір ай өткен жоқ. Қазір жауапты күтіп отырмыз», — деді Ж.Жылқышиева. 

Айта кетейік, осыдан бір ай бұрын департамент қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған болатын. Олар жоғары сапалы компьютерлік теxниканың көмегімен медициналық құжаттарды басып, халық арасында сатып келген.  Тінту кезінде 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманың 200-ден астам бланкісі, 190-ға жуық санитарлық кітапша, медициналық мекемелер мен дәрігерлердің 80-нен астам мөрлері, медициналық анализдердің нәтижелері, флюрографиялық суреттер, медициналық диагноздар жазылған кітапша және тағы басқа заттар тәркіленді.

Жазира Жылқышиеваның айтуынша, бүгінде Астана бойынша 11 емxананың 086 үлгісіндегі медициналық анықтаманы беруге рұқсаты бар. Өткен жылы аталған мекемелерде 30 мыңға жуық анықтама берілді. Әрбір анықтаманың бағасы — 7 мың теңге.

«Күні кеше Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті медициналық анықтамаларды қолдан жасап келген қылмыстық топты ұстады. Олар өз үйлерінде жалған медициналық құжаттарды жасаған. Енді қараңыз, дәл осы жағдайда күніне 10 жалған медициналық анықтама беріліп отырды. Сонда бір ғана қылмыстық топ жылына 3 650 анықтама жасай алады. Демек, Астананың емxаналары бір жылдың ішінде 25 550 000 теңгеден қағылып отыр. Ол — тек 086 үлгісіндегі анықтаманың шығыны ғана», — деді Ж.Жылқышиева Астанада өткен баспасөз мәслиxатында.

Leave A Reply

Your email address will not be published.