Біртанов Қаскелеңдегі аурухананы әкімдік жөндемесе сотпен жаптырып тынбақ

0 3

Министрлік пен әкімдік арасында Қаскелеңдегі атышулы емдеу мекемесіне байланысты түсінбестік туындаған сыңайлы. Осы жұқпалы аурурлар ауруханасының жабылу-жабылмауына қатысты Денсаулық сақтау министрлігі мен Алматы облысының атқамінерлері бір-біріне қарымта жауап қайтарып жатыр. Естеріңізге салсақ,  менингит дерті ушыққанда аталған емдеу мекемесіне бас сұққан министр Елжан Біртанов талапқа сай келмейтін мекеменің жабылатынын айтқан еді. Алайда, іле-шала облыс әкімдігі еліміздің бас дәрігерінің сөзін жоққа шығарып, аурухана жұмысын тоқтатпайтынын мәлімдеді. Бұл туралы «Zhambylnews» АА КТК арнасына сілтеме жасап.

Ал бүгін мәселені қысқа қайырған министр, шілде айының соңына дейін олқылықтар реттелмесе, аурухана бәрібір жабылатынын жеткізді.

Министрлік пен әкімдік арасында қылаң берген бұл шетін мәселе Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасындағы  шудан басталған еді. Менингит дерті ушыққанда аурухананың ахуалын көзбен көрген Елжан Біртанов дәлізде жатқан сырқаттардан аяқ алып жүре алмай, талапқа сай келмейтін мекемені жабу керектігін айтқан болатын.

Алайда, министрдің байламына өзге уәж айтқан Алматы облысының әкімдігі, Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасын жабуға негіз жоқ дейді. Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, 120 орындық мекеме жылына 7 мыңға жуық науқас қабылдайды. Ал, аурухана жұмысын тоқтатса, орны толмас қателікке ұрынамыз дейді әкімдіктегілер.

Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:

-Бұл ауруханада кәсіби, жоғары білікті дәрігерлер жұмыс істейді. Егер аурухана жабылатын жағдайда, аталмыш мамандардан айрылып қалуымыз мүмкін.

Әкімдіктегілердің айтуынша, жақын арада аурухананы күрделі жөндеуге қаржы бөлінеді. Бірақ, алған бетінен қайтпаған Біртанов, кемшілік түзелмесе ешкімге кешірім болмайтынын жеткізді. Тіпті, ауруханадағы сорақалық былтыр қазан айында анықталған.

Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:

-Әкімшілік өзінің кепілдігін берген. Шілде айының аяғына дейін бәрін жөндетеміз деп. Егер жөндесе әрі қарай жұмыс істейді. Бірақ, жөндемесе біз сот арқылы аурухананы жапқызуға қажетті шешімді ұсынамыз. 

Алайда, министр белгіленген уақытта әкімдіктегілер бар олқылықты жуып-шаятынына күмәнмен қарайтынын жасырмады. Ал, дертіне дауа іздеген жұрт «екі түйе сүйкенсе, екі ортада шыбын өледі» дегеннің кебін кимесек деп қауіптенеді. Өйткені, министр Біртанов менингитке шалдыққандар жеке бақылауымда дегенімен, айтпай соғатын кеселдің тағы қай қуыстан шыға келетінін ешкім болжай алмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.