Кеше ҚР Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған ҚР Парламент Сенатының депутаты Сәуле Айтпаева Оңтүстік Қазақстан облысындағы зорланған болуы мүмкін жеті жасар баланың ісіне баса назар аударатынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті, — деп xабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Әрине, алдымен бәрін қарап шығу қажет. Осы жұмыстың негізінде алдағы жоспарлар да жасалады. Сөз жоқ, балалар құқықтарын қорғау мәселесіне баса назар аударылады. Мен өзі бір күннің ішінде миллиондаған баланың анасы болып шықтым. Бұл — үлкен жауапкершілік, үлкен сенім. Ал жауапкершілік бар жерде жұмыс та көп. Мен өзім бір нәрсені алдын ала айтпаймын, нақты фактімен сөйлегенді жақсы көремін», — деді Сәуле Айтпаева журналистерге берген сұxбатында.
Оның айтуынша, балалар құқықтарын қорғау үшін алдымен ана мен әке институтын күшейту керек. Мұғалімдер де баланың көңіліне баса назар аударуы қажет.
«Біріншіден, ата-аналар өз баласының көңілін түсінуі керек. Оны қандай мәселелер мазалап жүр? Көңілі неге алаңдайды? Соның бәрін білуі тиіс. Екіншіден, мұғалімдер де баланың көңілін бақылуы қажет. Әлі есімде, біздің кезімізде мұғалімдер анамыз сияқты болды. Отбасының жағдайын, баланың қандай мәселеге алаңдап жүргенін — бәрін-бәрін біліп отыратын. Меніңше, қазіргі сынып сағаттарын мұғалім мен бала арасындағы байланысты орнатуға арнау қажет. Негізі, мұғалімге, анаға, әкеге деген сенім болса, баланың өз-өзіне деген сенімі де мықты болады. Дәл осы сенімді күшейтуіміз керек. Әке кодексі, ана кодексі сияқты бір құжат болу керек сияқты. Сонда нақты ақыл-кеңестерді көрсетуге болады», — деп атап көрсетті Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл.
Еске салсақ, ОҚО-да жеті жасар баланың зорланғаны туралы арыз бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оңтүстік Қазақстан облысына бала жөніндегі бұрынғы уәкіл Зағипа Балиева арнайы келіп, «жоғары сынып оқушылары тарапынан зорлық көрді» делінген баланың жай-күйімен танысқан.
20 наурыз күні ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы мектепте орын алған келеңсіз жағдайға байланысты жауапты тұлғаларға шара қолданды. Аталған іске қатысты бірқатар полиция қызметкері жұмыстан босатылды.