Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов кәсіпкерлер Палатасының Өңірлік Кеңес мүшелері және қала кәсіпкерлерімен кездесті. Қала басшылығымен мұндай форматтағы басқосу бұрын-соңды өткізілмеген. Республика бойынша Тараз қаласы мұндай іс-шараның куәсі болған төртінші қала. Бұл туралы Жамбыл облыстық кәсіпкерлер палатасы хабарлайды.
Жамбыл облысы кәсіпкерлер Палатасының директоры Мәріпбек Шәкербек Палата жұмысының басым бағыттарын орындауда кездесетін кедергілерге тоқталды.
«Мәселен, кәсіпкерлердің монополистерге инженерлік жүйеге қосылу үшін жолдайтын өтінімінде техникалық шарттарды алудың бірыңғай ережесі жоқтығынан негізсіз бас тартуға, мерзімнің созылуына әкеледі. Сондай-ақ, бос жер телімдері туралы онлайн ақпаратқа қолжетімділіктің болмауы, «Кәсіпкерлер үйінің» жұмыс істеу регламентін жоқтығы, ондағы кәсіпкерлерге бірыңғай қызмет көрсету стандартын енгізу, бизнеске бірдейлендірілген стандартпен бос орындарды беру және де консультациялық-кеңесші органдардың құрамында бизнес өкілдерінің болуын қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдар тарапынан кейбір талап-ережелер орындалмай жатады».
Ғалымжан Әбдірайымов: «Көне шаһарды шырайландырып, кескін-келбетін келтіру – ол ортақ міндет, осы тұрғыда әкімдік бизнеске жайма базарды түп-тамырымен жойып, барлық талаптарға сәйкес келетін біркелкі сауда орындарын ұсынып отыр» — деді. Бұл көлеңкелі бизнестен арылудың бірден-бір жолы болмақ. Алайда, жаңа сауда орындары кәсіпкердің қалтасына ауырлық етпеуі тиіс. Әкім жалақы құны міндетті түрде ескерілетін болады деп уәде етті.
«Қазірде «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен көше саудасын жүргізу үшін нысандарды орналастыруға жер телімдерін берудің ережесі әзірленді. Әзірше 50 сауда нүктесі анықталып, алдағы уақытта пилоттық негізде бұл жерлер бизнес, ӘКК, атқарушы органдар және Палата өкілдерінен құралған комиссия қосалқы жалгерлікке кәсіпкерлерге беруді шешетін болады».
Бұл алаңда әр кәсіпкер өз саласына, жеке кәсібіне қатысты сауалдарын қойды, Тараздың экономикалық әлеуетіне байланысты жылдар бойы шешілмей келген мәселелерін көтерді.
Жамбыл облысының жүк және жолаушыларды тасымалдаушы Қауымдастығының Төрағасы Тілеуғазы Нұрмұханбетов қала дағы қоғамдық көліктердің шығындарын субсидиялау және жолақын тарифін қымбаттату мәселесін көтерді.
Өздеріңізге белгілі, қалада қара түтінін будақтатып, тоз-тозы шығып, ілініп-салынып жүрген жолаушыларды тасымалдаушы автобустарын жаңарту проблемасы бар. Алайда, бағасы шарықтаған су жаңа көліктерді сатып алу кәсіпкерлерді жолақы тарифін жоғарылатуға мәжбірлейді. Одан барып қарапайым халықтың наразылығын тудырары анық. Осы орайда, таразының басын тең ұстау қажет. Қала әкімі бұл сұрақтың үнемі күн тәртібінде екенін еске салды.
Туризм саласы дамыса, бұрындары-ақ талай кәсіпкердің табыс көзіне айналар еді – дейді Ішкі және сыртқы туризм Қауымдастығының Төрайымы, «Золотой Караван» ЖШС директоры Альбина Веймер. Қаланың орталығында орналасқан «Зербұлақ көлі» су айдынын жазғы мезгілде демалатын туристік нысанға айналдыруға әлеует зор. Ұзақ жылдар бойы құрғаған күйде тұрғандықтан бұл аймақ қазірде оңалтуды қажет етеді. Қауымдастық мүшелерінің бұл аймақты жайластыру бойынша ұсынымдары бар.
«Жамбылда жасалған» деген брендті халыққа кеңінен насихаттау қажет. Жергілікті тұрғындар кисең денеңді қышытып, жусаң оңып кететін, сауда нарығын шарпыған қытай мен қырғыздың киімдерінен Отандық табиғи өнімнің мың есе артық екенін ажырата білу керек – дейді Жамбыл облысы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Қауымдастығының Төрайымы, «Айвенго» ЖШС директоры Любовь Попава.
«Имроттық тауарлардың зиянсыз екенін дәлелдейтін шығуы туралы сертификация болуы тиіс, алайда тәжірибе көрсеткендей ондай талаптар орындалмайды. Сондай-ақ, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін отандық тауарөндірушілерден сатып алу жүйесін басым бағыттардың бірі етіп айқындау керек. Бұл өндіріс саласында шағын және орта бизнес кәсіпорындарына қолдау нағыз қолдау болар еді.
— «Жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері тап болатын тағы бір мәселе – білікті кадрлардың жетіспеушілігі бар. Кәсіпкер Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары Қауымдастығы базасында оқыту орталығын ашуға ұсыныс білдірді. Бұл оңтайлы әдіс бір оқпен екі қоянды атқанмен тең. Мамандарды даярлау және оларды жұмыспен қамту сынды екі мәселе шешімін таппақ».
Қорытындылай келе, шаһар басшысы жақын күндері айтылған әр сауал бойынша кәсіпкерлерді жеке қабылдауға дайын екенін жеткізді.
Ал кәсіпкерлер Палатасы бизнесті жүргізуге әрі дамытуға кедергі келтіретін кез келген жүйелі мәселелерді сүйемелдеуге дайын екенін еске салайық!