Петропавлда «Мағжан Жұмабаев мұрасы мен әлемдік руханият» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат — қа сілтеме жасап.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өтіп жатқан конференцияға облыс әкімі Құмар Ақсақалов, Түрксой бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негімов, Гази Хулия атындағы Түркия университетінің профессоры Касапоглу Ченгел және басқа да түрлі елдердің ғалымдары қатысты.
Облыс әкімі конференцияны аша отырып, Мағжан Жұмабаевтың елінің жарқын болашағын армандағанын атап өтті.
«Ол халықтың тағдыры, ертеңі туралы жазды. Балаларды оқытып, мұғалімдерді дайындады. Олар үшін кітаптар жазып, әлем әдебиетін аударды. М.Жұмабаев халықтың болашағы үшін күресетін күштің жастар екенін айтты», — деді Қ.Ақсақалов.
Тарих ғылымдарының кандидаты, облыстық архивтің директоры Сәуле Маликова ресми құжаттарда М.Жұмабаевтың туған күні 1893 жылдың 25 маусымы деп көрсетілгенін атап өтті.
«Жыл сайын ұлы қазақ ақынының шығармашылығын зерттеумен айналысатын адамдар саны артып жатыр. Бұған Мағжан Жұмабаевтың өмірі туралы жаңа деректердің пайда болуы ықпал етуде», — деді Сәуле Маликова.
Конференцияда облыс әкімі Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай, құрметті қонақтар мен ақынның өмірі мен шығармашылығын зерттеуге үлес қосқан іс-шараға қатысушыларға төс белгілері табыс етті.