Елімізде жұмысын тоқтатқан 2 банктің салымшыларына ақшалары қайтарылуда

0 0

Агент банк есебіндегі «Банк ЦентрКредит» АҚ алдағы уақытта «Delta Bank» пен «Қазинвестбанк»  салымшыларына өтемді Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) қаражаты есебінен төлеуді жүзеге асырады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мәлім болғандай, «Delta Bank» салымшыларына төлеу 2018 жылдың 17 мамырынан бастап жүргізілуде. Төлем жүргізу жарты жыл ішінде 2018 жылдың 17 қарашасына дейін өткізіледі. Ал «Қазинвестбанк» салымшыларына 2018 жылдың 13 тамызына дейін төлеу жүргізіледі. Төлем «Банк ЦентрКредит» АҚ агент банкінің барлық филиалдарының желісі арқылы жүзеге асырылады.

«Қазіргі уақытта «Delta Bank» салымшыларына 40,9 миллион теңге төленді (барлық міндеттемелердің 28,9%). Оны 52 салымшы алды. ҚДКБҚ-ның кепілдік берілген өтемді төлеу бойынша міндеттемелерінің сомасы шамамен 141 миллион теңгені құрайды. Өтемді алуға құқығы бар «Delta Bank» АҚ жеке тұлғалардың саны — 2 244. Қордың 2 192 салымшы алдындағы қалған міндеттемелері 100,6 миллион теңгені құрайды», — делінген хабарламада.

Өтемді сондай-ақ, Қазинвестбанктің 8 салымшысы алған. 87,6 пайыздық жалпы міндеттемелердің 1,8 миллион теңгесі төленіп қойған.

Төлем ҚДКБҚ арнайы резерві қаражатынан жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта кепілдік берілген өтемді төлеуге арналған қаражат сомасы 608 миллиард теңгені құрайды.

«Біз «Delta Bank» АҚ салымшыларының шағын белсенділігіне назар аударамыз: жалпы міндеттемелердің 71,1% талап етілмейді, — деп түсіндіреді ҚДКБҚ төрағасы Бақыт Қоғылов. — 1 388 салымшының (61,9 пайыз) 5 мың теңгеден аз депозиттері бар. Орташа салымы 52 мың теңгені құрайтын 1 126 салымшы бар (50 пайыз). 22 салымшының қаражаты (1%) — бір миллион теңгеден астам. «Банк ЦентрКредит» АҚ агент банкінің «Қазинвестбанк» АҚ, «Delta Bank» АҚ салымшыларымен есеп айырысу мерзімі — алты ай. Біз екі банктің салымшыларынан өздерінің құқықтарын пайдаланып, депозиттер бойынша өтемді агент банктен алуын сұраймыз. Осы көрсетілген мерзімнен кейін тікелей Алматы қаласындағы Қордың кеңсесіне сенімхат арқылы немесе құжаттарды пошта арқылы жіберу қажет».

Банк салымшыларына жедел кеңес беру үшін, ҚДКБҚ «KDIF | Сұрақтар мен жауаптар» атты Telegram мессенджерінде чатты іске қосты. Онда банктердің салымшылары ҚДКБҚ сарапшыларынан депозиттерге кепілдік беру туралы, өтем төлеу ережелері бойынша сұрақтар қоюы мүмкін. Сонымен қатар, Telegram каналына @KDIF_info (www.t.me/KDIF_info) іске қосылады. Онда сұрақ-жауап формасында кепілдік берілген өтемді төлеу туралы нақты ақпарат және кепілдік туралы жалпы ақпарат жарияланатын болады.

 «2017-2018 жылдары күшіне енген ең елеулі трендтердің бірі — жаңалықты жеткізу мен ақпарат алмасу тәсілі ретінде мессенджерді пайдалану. Проблемалы банктердің салымшыларына ақпараттық қолдау көрсетуді жылдамдату мақсатында, біз Telegram каналында онлайн-кеңес беру сияқты қосымша мүмкіндікті пайдаланамыз», — деді ҚДКБҚ төрағасы.

Еске сала кетсек, бұдан бұрын «Delta Bank» АҚ қызметін мәжбүрлеп тоқтату туралы сот шешімі заңды күшіне енгенін хабарлаған болатынбыз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.