Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы көлікті электронды тіркеу қызметін іске қосты. Бұл туралы «Zhambylnews» AA 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Енді азаматтар ешқайда бармай-ақ, электронды цифрлық қолтаңба арқылы автокөліктерін онлайн тәртіпте тіркей алады. «Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында қолға алынған пилоттық жоба азаматтардың уақытын үнемдеп қана қоймай, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жүктемесін азайтады», – дейді мамандар. Мәліметтерге сәйкес, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы күніне 3 мыңға жуық қызмет көрсетсе, оның 2 мың 700-і көлікті рәсімдеуге байланысты жасалады. Жаңа қызмет түрін пайдалану үшін egov порталына сатылатын көлік жайлы ақпаратты енгізіп, айыппұлдар мен салық төлемдерін, техникалық жағдайын тексеруге сұраныс жолдау керек. Сәйкесінше, көлікті сатып алушы екіжақты келісімшарт негізінде темір тұлпарды өз атына тіркей алады.
Ермұрат Әбділдаев, қалалық мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері:
– Электронды порталға электронды цифрлық қолтаңбамен кіру арқылы көлікті тіркеуден шешу қызметін таңдайды. Құжаттарының барлығы толыққанды дайын болып, айыппұл және қарыздары болмаған жағдайда 90 минуттың төңірегінде қызметін алып шығады. Қазіргі уақытта мемлекеттік нөмірлері адамның өз таңдауымен алынады. Бұрынғыдай автоматты түрде берілмейді.