Осыдан бірнеше жыл бұрын мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуды бастағанда соның нәтижесінде өз бензиніміз көбейді дедік. Импорттан арыламыз, тіпті АИ-92-нің бағасы төмендейді деген болжам болған. Бүгінде екі зауытты жаңғырттық. Алдағы уақытта үшіншісі де толығымен іске қосылады. Қазірдің өзінде бензинді артығымен өндіріп жатырмыз. Бірақ баға қатты өзгеріп жатқан жоқ. Неге? Ресейлік импортқа шектеу енгізіле ме? Одан не ұтамыз? Терістіктегі көршіміз өз үлесін бере ме? Ал, ең бастысы, Қазақстан мұнай өнімдерін импорттаушыдан экспорттаушы деңгейіне шыға ала ма?
Өткен айдың соңында елімізде АИ-92 маркалы бензиннің қоры 358 мың тонна болған. Ал қазіргі сұранысты толығымен өтеу үшін қалдықтың көлемі 200 мың тоннадан аспаса да жеткілікті. Демек, сол кездің өзінде «өтімді» бензиннің резерві бір жарым есеге артық болды. ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев та олай жалғаса берсе, артық бензиннің көлемі артады деп ескертті. «Қыркүйек айында Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңарту жұмыстары толығымен аяқталады. Сол кезде бензиннің көлемі арта түседі. Қазан айында қалдықтың мөлшері 500-600 мың тоннаға жетуі әбден мүмкін», — деді Қанат Алдабергенұлы Астанада өткен бір шарада.
Ал нарық ережелеріне сәйкес, ұсыныс сұраныстан басым болса, баға төмендейді. Себебі тауар өндірушіге өнімді өткізу керек. Оны министр мырзаның өзі де мойындап отыр. Оның айтуынша, артық өнім болғанда баға сәл-пәл өзгеруі мүмкін. Бірақ оны өндіруші және жеткізуші компаниялардың өздері реттейді. Мемлекет оған араласа алмайды. Өйткені бензиннің бағасына мемлекеттік реттеу шарасын алып тастаған. «Иә, ұсыныс көп болғанда өнімді өткізу қиындау. Сол кезде бензиннің бағасы сәл-пәл өзгеруі мүмкін. Мен нақты болжам айта алмаймын. Қазіргі кезде біз сол артық бензинді экспортқа шығару мәселесімен айналысып жатырмыз. Әрине, ондайда бензиннің шетелге көп кетіп қалмауын бақылау қажет. Әйтпесе, тапшылық туындауы әбден мүмкін. Бізде мұнай өңдеу саласында пысықай жігіттер көп қой. Олар кез келген уақытта бағаны көтеруге даяр тұрады. Сондықтан ішкі нарықтағы бағаны ұстау үшін экспорт пен ішкі сұраныстың тепе-теңдігін сақтауымыз қажет», — дейді Қ.Бозымбаев.
Шынында да, соңғы кезде бензиннің бағасы «сәл-пәл» өзгерді. АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 2-3 теңгеге төмендеді. Демек, мұнай өңдеу саласында жүрген «пысықай жігіттер» артық бензиннен құтылмаса, резервуарларды босата алмайтынын жақсы түсінеді. Бірақ баға қатты өзгермейтін тәрізді. Себебі мұнай өңдеу зауыттары өз жұмысын сәл бәсеңдетті. Оған қоса, ресейлік бензиннің импортына әлі күнге дейін шектеу қойылған жоқ. Айта кетер жәйт, аталған шектеу тек теміржолмен тасымалданатын мұнай өнімдеріне ғана қатысты. Демек, автожолмен бензин тасымалын ешкім шектей алмайды. Ондай шаралар Еуразиялық экономикалық одақтың ережелеріне де қайшы. Дегенмен, кейбір сарапшылар ресейлік импортқа қатысты конвенциялық шектеуді енгізбей-ақ қоюға болады дейді. Себебі екі елдің баға айырмашылығын ескерсек, бензинді сататындарға «алыстан арбалағанша жақыннан дорбалаған» тиімді. Ал өнімнің сапасы жағынан еш айырмашылық жоқ. Себебі біздегі мұнай өңдеу зауыттары күрделі жөндеуден өтті. Жоғары октанды бензинді шығаруға барлық техникалық құрал-жабдықтар бар.
«Argus Media» компаниясының Орталық Азия және Каспий аймағы бойынша вице-президенті Тимур Ілиясов импортқа шектеу қойғаннан бұрын экспорт мәселесін тездетіп шешу керек дейді. «Әрине, жақын арада экспорт мәселесі шешілмесе, артық бензиннің көлемі артады. Ондайда шикізатты өңдеу қарқынын бұдан да бәсеңдетуге тура келеді. Бұл мұнай өңдеу зауыттары үшін тиімсіз. Себебі аталған зауыттарды жаңартуға қыруар қаржы салынды. Дәл қазір олар 100 процентке жұмыс істеуі керек. Сонда жаңғыртуға салынған қаражат ақталады. Білуімізше, бүгінде отандық бензинді Қырғызстанға экспорттау мәселесі қаралып жатыр. Бұдан бөлек, Өзбекстан жағы да талқылануда. Меніңше, жақын арада Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, ал келесі жылы Еуропаға экспорт ашылады», — деді Т.Ілиясов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Алайда отандық мұнай өнімдерінің экспортын ашу оңай емес сияқты. Өйткені біз кезінде «бензинді экспорттамаймыз» деген міндеттемені алып, оны үкіметаралық келісіммен бекіттік. Дәл осы «уәдені» алған Ресей бензиннің біраз бөлігін экспорттап келді. Енді, аталған келісімді өзгерту керек. Бірақ солтүстіктегі көршіміз өз үлесін бере ме? Ол жағы әзірше белгісіз. Бірақ министр Бозымбаевтың сөзіне қарағанда, сөз жүзінде келісім бар. Бірақ ол келісім қағазға түспей жатыр. «Біз Ресейдегі әріптесім екеуіміз (осы елдің энергетика министрі Александр Новак — авт.) үнемі байланыстамыз. Өкінішке қарай, мамырда тиісті келісімді рәсімдей алмадық. Аталған құжатқа сәйкес, біз ортақ нарықты басқаша реттеуді көздейміз. Соның нәтижесінде қазақстандық мұнай өнімдеріне экспортқа жол ашылады. Енді, Ресейде сайлау болды және тағысын тағы. Содан келісімді рәсімдей алмадық. Маусымда аталған құжатты рәсімдейміз деген үміт бар. Қыркүйектің аяғына дейін Парламенттен өткізіп алсақ, қазан-қараша айында экспорт ашылады», — деді Қ.Бозымбаев қоғамдық кеңестің отырысында. Алайда ол келісім маусымда рәсімделмеді. Демек, аталған құжатты Парламентте рәсімдеу жұмысы да кейінге шегеріліп отыр.
Сонымен, экспорт мәселесін шеше алмасақ, мұнай өңдеу зауыттарының қарқынын азайтуға тура келеді. Олай істемесек, «затоварка», яғни артық бензиннің қоры жиналып қалады. Ал оны сыртқа тездетіп сату қажет, я болмаса, ішкі нарыққа арзан бағамен өткізу керек. Министрлік бензиннің бағасын қатты төмендетуге болмайтынын да жақсы түсінеді. Себебі шекара аймағында алыпсатарлар көбейді. Ресейдің бензині өтпей қалады. Оған қоса, 2025 жылға қарай Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ отын-энергетикалық нарығын құру жоспарланып отыр. Ондайда бағаның айырмашылығы көп болмауы тиіс. Сосын өз жерімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салатынымызды да ұмытпау қажет. Оны іске қосқанда мұнай өндіру көлемі арта түседі. Сондықтан Қазақстанға мұнай өнімдерін импорттаушы атағынан тездетіп құтылып, экспорттаушы мемлекетке айналу қажет-ақ.
Дереккөз: ҚазАқпарат