«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында ұстаздардың қалалық дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті.
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласының даму бағытын айқындайтын маңызды жиында әуелі көпшілік ұстаздар мен оқушылардың инновациялық және экологиялық жобалары қойылған көрмені тамашалады.
Кеңестің пленарлық отырысында алғашқы болып Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан ұстаздарға жасалып жатқан қолдауларға кеңінен тоқталды.
Келесі кезекте Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова өткен оқу жылындағы жарқын жетістіктер туралы баяндады.
Бүгінгі күні қалада 294 білім мекемесі жұмыс істеуде. Оның 141-і мемлекеттік, 153-і жекеменшік мекемелер мен ұйымдар. Өткен оқу жылы барысында Тараз қаласы шекарасының өзгеруіне байланысты Байзақ, Жамбыл аудандарынан 37 мекеме қосылса, жаңа құрылыс есебінен 5 мектептің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде білім мекемелерінің саны 42 бірлікке артып, 5 180 оқушы орны ашылды.
Жаңа оқу жылын 110 мектепте 95 520 оқушы бастайды деп күтілуде. Оның 8395-і бірінші сынып оқушылары.
Қазіргі таңда шаһардағы 171 мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 23 916 бала тәрбиеленуде. 2-6 жас аралығындағы балалардың 96,6 пайызы, 3-6 жас аралығындағы балалар толық 100 пайыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.
Өткен оқу жылы орта білім деңгейіндегі көрсеткіштерде оң динамика байқалып, білім сапасы 0,1 пайызға өсті. Республикалық, халықаралық ғылыми жоба, пән олимпиадалары мен шығармашылық оқуларда қала оқушылары 79 жүлделі орынды иеленіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 28 орынға артты. Сондай-ақ шаһардағы 5 мектеп республиканың «100 Үздік олимпиада мектептері» тізіміне енді.
Ағымдағы жылы мектепті аяқтаған 39 00 түлектің 3118-і, яғни 80 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, 4 оқу ордасы шәкірттерінің орташа балы 100-ден жоғары болды. Осылайша, 100-ден жоғары балл жинаған мектеп бітірушілер саны өткен жылмен салыстырғанда 62-ге ұлғайды.
Кеңес барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков «Мектеп-университет» байланысы мен сабақтастығын дамыту бағыттары», №66 орта мектептің директоры «Келешек мектебі»: білім берудегі трансформация мен тұлға дамуының кеңістігі», Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияның тарих пәнінің мұғалімі «Реализация воспитательных ценности программы «Адал азамат» в учебном процессе» және Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназия директорының орынбасары Рустам Рамазан «Сандық дәуірдегі бала құқықтары мен қауіпсіздігі» тақырыптарында ойларын ортаға салып, іс-тәжірибелерімен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова салада атқарылған ауқымды жұмыстарды тілге тиек етіп, бірқатар үздік педагогтерге түрлі дәрежедегі марапаттарды табыстады.
Іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.