Жамбыл облысында Талас өзенінің балығы қырылып жатыр, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
Жергілікті тұрғын Таластың суалып қалған саласында, Талас ауданындағы Ойық тоғанынан 20 шақырым жерде балықтардың қырылып қалғанын түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
Жергілікті тұрғындар балық аулауға тыйым салынғаны себепті жағаға шығып қалған, әлі ас қылуға жарамды балықтарды балық инспекциясы алуға рұқсат бермейтінін айтып, өкпесін білдіреді.
«Қазір балық аулауға тыйым салынған. Жағада жай қармақпен жүргеніңді көріп қалған күннің өзінде айыппұл салады», — дейді телефон арқылы Ойық ауылының тұрғыны Андрей Самсонов.
ҚР АШМ Жамбыл облысы жергілікті орман шаруашылығы және жануарлар әлемі инспекциясының мамандары мобильдік топтар бұл жағдайды бақылап отырғанын айтады.
«Расында, Қырғыз тарапынан жіберілуі тиіс су мөлшері жетіспей жатыр. Қазсушаруашылығы бұл мәселені шешіп жатыр. Қазақстанның Қырғызстандағы Елшісі Кәрім Көкірекбаевқа хат жаздық. Біздің мамандар қазір оқиға болған жерлерге барып, тірі қалған балықтарды аулап, суы бар арналарға жіберудің қамымен жүр», — дейді Балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Болат Асанбеков.