Шілде айының екінші жексенбісі балықшылар күні. Осыған орай, Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы, облыстық спорт басқармасы, Жамбыл облысы бойынша спорттық балық аулау федерациясы және «Көктем» су айдынын пайдаланушылардың ұйымдастыруымен әуесқой балықшылардың арасында балық аулаудан жарыс өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Бұл жолы жарысқа 20 шақты әуесқой балықшы қатысты. Олардың қатарында балалар да болды.
Жарыстың қорытындысы бойынша, арнайы берілген уақыт барысында қармақтарын суға салған балықшылардың арасында жас ерекшелігіне қарай Мирлан Исабек пен Ерлан Накупов бірінші орынды иеленсе, Артур Ли екінші орынды иеленді. Ал Хасан Буковидзе мен Алихан Кембаев жүлделі үшінші орынды өзара бөлісті. Олег Талисманов төртінші орыннан көрінді.
Жүлдегерлер ұйымдастырушылар тарапынан арнайы марапаттарға ие болды.
Сонымен қатар, осы күні балықшылар арасында «Көктал» ас мәзірін дайындаудан да жарыс өтті. Қатысушылар уақыттарын тиімді өткізу үшін спорттың жағажайдағы волейбол, теннис түрінен де жарыстар ұйымдастырылды. Жексенбі күнге дөп келген бұл мерекеде дамалушылар жақсы демалып қайтты.
Айта кетерлігі, облыстық спорт басқармасының өкілдері бұл жарысты алдағы тамыз айында облыстық деңгейде өткізуге бастама көтеріп отыр.