Қазақстандық өндіріс саласында мұнай-газ және темекі индустриясының жұмысшылары ең жоғары жалақыны алады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Агенттік келтірген деректерге сәйкес, олардың орташа айлық жалақысы 700 мың теңгеден асады. Атап айтқанда, мұнай-газ саласында еңбекақы — 716,1 мың теңге болса, темекі өнімдерін шығаратын компания қызметкерлері — 708,1 мың теңге алады.
Сондай-ақ, тау-кен өндірісінде техникалық қызмет көрсетуші мамандар да едәуір көбірек (418,7 мың теңге) еңбекақы алады. Тау-кен өндіру және карьерлерді қазу саласында жұмысшылардың орташа жалақысы 366,2 мың теңгені құрайды.
Түрлі-түсті металл өндіру саласындағы орташа еңбекақы — 261,4 мың теңге, көмір өндірісінде — 242,6 мың теңге, өңдеу өнеркәсібінде — 172,3 мың теңге, электрмен, жылумен, газбен қамту — 148 мың теңге, сумен қамту және кәріз жүйесінде — 104,9 мың теңге.
Жалпы алғанда, өнеркәсіп саласындағы еңбекақы бір жылда 11%-ға өскен.