Жаңа ипотекалық бағдарлама өткен айдың басында іске қосылды. ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышевке «7-20-25» бағдарламасы туралы халыққа ақпарат беріп отыруды тапсырды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Айта кетсек, мемлекет басшысы ұсынған «7-20-25» бағдарламасы маусым айының басында іске қосылды. Бағдарлама шартына сәйкес, бастапқы жарна – 20 процент, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 7 проценттен аспайды, ал ипотекалық несие 25 жылға беріледі.
«Бағдарлама нысаналы мемлекеттік қаржыландыруды талап етпейді және қор нарығында ұзақ мерзімді ресурстарды тарту есебінен жүзеге асырылады. Бағдарлама аясында алғашқы қарыздар беріле бастады», — деді ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев үкімет отырысында.
Үкімет басшысы Ақышевке БАҚ-қа ипотекалық несиелер туралы ақпаратты ұсынып отыруды тапсырды.
«Алғашқы кезеңде бұқаралық ақпарат құралдарына қажетті мәліметті беріп отыруыңызды сұраймын. Өйткені бәрі бағдарламаның қалай жүріп жатқанын қарап отыр», — деді Сағынтаев.