Кәсіпқой боксшы Геннадий Головкиннің Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту еткен чемпиондық белдіктерін ендігіде Елбасы кітапханасында көруге болады, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазақстандық боксшының белдіктері «Қазақстандағы олимпиада қозғалысы» тұрақты экспозициясына қойылды. 2018 жылдың мамырында тұсауы кесілген аталмыш экспозицияда Мемлекет басшысымен кездесу барысында Олимпиада қозғалысының жетекшілері, отандық және шетелдік спортшылар сыйға тартқан кәдесыйлар, марапаттар және спорт құралдары сақталған.
Бұл жерде ҚР Президентінің спорт саласындағы мемлекет саясатын ел ішінде ғана емес, шекарадан тыс ілгерілеткені үшін алған марапаттары да орналасқан. Олардың қатарында спорт ұйымдары мен қоғамдар, қауымдастықтар мен федерациялар тарту еткен марапаттар, сондай-ақ ҚР ҰОК Құрмет белгісі (2000), «Спешиал Олимпикс Қазақстан қозғалысын қолдағаны үшін» естелік медалі мен белгісі (2002), Азия Олимпиада кеңесінің ордені (2007), FILA Халықаралық күрес қауымдастығының алтын ордені (2003) сынды өзге де Олимпиада және Паралимпиада ойындарымен байланысты марапаттар бар. Олардың ең алғашқысы, әрі ең ерекшесі — ХОК президенті Хуан Антонио Самаранчтың Мемлекет басшысына табыстаған — «Еңбегі үшін» алтын Олимпиада ордені (1997).
Еске салайық, биылғы 29 маусым күні Қазақстан Президентімен кездескен Геннадий Головкин Елбасына WBC, WBA (Super), IBO және IBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белдіктерін сыйға тартқан еді.
Мемлекет басшысы боксшыны «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев» орденімен марапаттады.
Геннадий Головкин — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Атап айтқанда, отандасымыз Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, жастар арасындағы әлем чемпионы (2000), ҚР І спартакиадасының чемпионы (2001), Мұнай елдері арасындағы әлем кубогының жеңімпазы (2001), ІІІ Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001), Кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы (2003), Олимпиада ойындарының вице-чемпионы (2004), WBC, WBA (Super), IBO чемпионы, «The Ring» журналының нұсқасы бойынша барлық салмақ санатындағы үздік боксшы (2017), WBA, WBC, «Boxingnews24.com» белгілі басылымының нұсқасы бойынша 2017 жылғы үздік боксшы.