Ағымдағы жылы «Еңбек» бағдарламасы мен Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру аясында қазақстандық кәсіпкерлерге 11 мың микрокредит беру жоспарланып отыр. Бұл жөнінде Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылық министрі Арман Евниев мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» АА Baq.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.
«Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында министрлік ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бағдарламаның қатысушыларына, бизнес жобаларды іске асырушы немесе іске асыруды жоспарлайтындарға кредит және микрокредит беру бойынша жұмыстарды жүргізуде. Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру үшін 2018 жылы республикалық бюджеттен кредиттік бюджетке 44,7 млрд теңге, оның ішінде «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» аясында төртінші бастаманы іске асыру мақсатында 13,9 млрд теңге қарастырылған. Көзделген қаражаттан 11 000 микрокредит беру жоспарланып отыр», — деді министр.
Ведомство басшысы атап өткендей, ағымдағы жылдың 2 шілдесіндегі жағдайға байланысты 2 486 микрокредит бере отырып, республика бойынша игеру 8,9 млрд теңгені құраған.
«Соның ішінде, 4,9 млрд теңгеге 1 427 стартап жоба, 0,6 млрд теңгеге 78 негізгі кооперациялық жоба, 2,4 млрд теңгеге «Бастау Бизнес» бойынша 720 жоба жүзеге асырылған. Сондай-ақ, министрлік «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге бизнес жүргізуді оқыту үшін «Бастау Бизнес» жобасын жүзеге асыруда. 2018 жылы «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде 30 мың өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды және жұмыссыздарды оқыту жоспарымен республикалық бюджеттен 1,2 млрд теңге қаралған, соның ішінде кемінде 6 000 қатысушы бизнесін кеңейту немесе ашуы керек. Қазіргі уақытта 2 ағын аясында оқыту 160 аймақта іске асқан. Екі ағын шеңберінде 12 645 жұмыссыз бен өзін-өзі қамтыған азамат оқудан өтті, оның ішінде облыстық комиссияның алдында 9 049 кәсіпкер өз бизнес жобасын қорғады», — деген министр қазіргі уақытта үшінші ағын оқуды бастап жатқанын және алдағы уақытта ауыл тұрғындарын шағын несиелеу және «Бастау Бизнес» оқыту жобасы аясындағы жұмыстар белгіленген жоспарларға сәйкес жалғасатынын айтты.