Асқар Мырзахметовтың алты айда атқарған ауқымды ісі

0 8

Бүгінде Жамбыл облысы жайнап, жаңару үстінде. Әсіресе, Тараз шаһарының көркі күн санап көркейіп, тотыдай түрлене түсуде. Бұл әрине ең бірінші облыс тізгінін осыдан алты ай бұрын қолға алған аймақ басшысы Асқар Мырзахметовтың ерен еңбегінің арқасы. Жаны жаңашылдыққа құмар облыс әкімі жарты жылда Әулиеата өңірін адам танымастай өзгертті. Бұны біз айтпасақ та, қалың бұқара көзбен көріп, іскер азаматтың тірлігіне тәнті болуда. Осы орайда, Асқар Исабекұлының алты айда атқарған алты ауқымды ісіне тоқталғанды жөн көрдік.

Бабалар рухына тағзым немесе жаңғырған «Жеңіс» саябағы

Өңір басшысы ең алдымен облыс айнасы Тараз қаласының кескін-келбетіне баса назар аударды. Әуелгі жұмыстар қала құрылысы кеңестерін құрудан басталып, кейіннен нақты жобалар жанданды. Асқар Исабекұлы игі істі Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағын жаңғыртудан бастады. Айта кетерлігі, ондағы жаңғырту жұмыстары бір жақты көзқараспен жоспарланып жасалған жоқ. Құрылысты бастамас бұрын шаһар тұрғындарының да пікірлері назарға алынып, ұтымды ұсыныстары ескерілді. Жеті рет өлшеніп, бір рет кесілген осынау ілкімді істің арқасында қазір саябақ жаңаша кейіпке енді. Небәрі екі айдың ішінде «Жеңіс» саябағы еңсесін тіктеп, жасара, жаңара түсті. Құрылыс жұмыстарына 300 жұмысшы мен 50 техника жұмылдырылды. Саябақ жанындағы Ілияс Жансүгіров атындағы көшенің аумағы мен көлемі есептеліп, тасжолға тағы бір жолақ қосылды. Ал кіреберіске ені — 13 метр, биіктігі 8 метр болатын «Ерлік» және «Подвиг» атауымен әрленген қақпа орнатылып, оны қорғап тұрған екі жауынгердің тұлғасы бейнеленді. Саябақтың ортасына бұған дейін қаланың әр тұсында орналасқан «Мәңгілік алау» ескерткіш белгісі және Батыр Бауыржанның сом мүсіні қойылды. «Даңқ аллеясындағы» тасқа майдан даласына аттанған 105 мың жамбылдық жауынгердің есімі қашап жазылды. Майданда да, тылда да көзсіз ерлік көрсеткен 48 батырдың кеудесіне тағылған Алтын жұлдыздар «Ерлік» мемориалының төрінен орын тапты.

Құрылыстың екінші кезеңінде «Даңқ» залының жобасы жасалды. Мұнда соғыс және тыл еңбеккерлеріне арналған музей бой көтеріп, майдан даласы үшін еңбек еткендерге арналған монумент және «Тырналар» мемориалдары салынады. Жаңа саябақта Ауған соғысы, Чернобыль апатына қатысушылар мен Семей полигонында жауынгерлік борышын өтегендерге арналған монументтік кешендерге де орын берілмек. Сәйкесінше, саябақтың аумағындағы 15 мың шаршы метрге абаттандыру, көгалдандыру, көгеріштендіру жұмыстары да жүргізілетін болады. Осылайша аймақ басшысы әуелгі жұмысын бабалар рухына тағзым етуден бастап, ел есінде, жамбылдықтардың жадында жатталар тірлік жасады. Бүгінде аталмыш саябаққа кешқұрым барып тыныстайтын қала тұрғындары мен қонақтарының қарасы қалың. Барлығының жүздерін күлкі мен шаттық, көңілдерінде облыс әкіміне деген алғыс ұялаған.

Жемісін көп күттірмейтін жобалар

Осылайша жаңғырған «Жеңіс» саябағы көптің таңдайын қақтырып тұрған тұста, аймақ басшысы бұл жұмыстарға тоқмейілсімей, «Мамыр бауы», ҚР Тұңғыш Президенті атындағы және Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтарды да жаңғыртуды назарға алды. Соңғы аталған саябақтағы Халық Қаһарманының ескерткіші ауыстырылып, орнына оның рухты бейнесі сомдалған жаңа ескерткіш қойылатын болады. Және Желтоқсан оқиғасына арналған орталық ашылмақ. Бұл жұмыстар бүгінде өз бастауын алды.

Бұдан өзге, №6 ықшамауданда орналасқан «Зербұлақ» көлінің де айдыны тазартылып, жағасы абаттандырылып, тұрғындардың демалуына қолайлы жағдай жасалынып жатыр. Сүлейменов көшесінің бойындағы «Атшабар» скверін және Темір жол вокзалы алдындағы аллеяны қайта жаңғырту жұмыстары да күн тәртібінің кезек күттірмейтін мәселелерінің біріне айналып, жұмыс жанданып келеді.Сол секілді, Тараз қаласындағы бұрынғы «Шахристан» сауда орталығы да өзгеше кейіпке енеді. Мұнда «Көне Тараз» археологиялық мәдени кешенінен бөлек, Оқушылар сарайы, Неке сарайы сынды ғимараттар бой көтереді. Бір сөзбен айтқанда, ескі базардың орны қаланың рухани, мәдени орталығы ретінде қалыптасып, қала тұрғындары мен қонақтары бір сәт мәдени тыныстайтын орынға айналмақ. Бұл жобалар өміршең ғана емес, жемісін жақын арада беретіні айқын.

Туризмнің түтіні қалай да тік ұшады

Асқар Мырзахметов облысқа әкім болып келген бойы тарихи орындарға да ерекше көңіл бөле бастағаны жасырын емес. Әсіресе, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізбесіне енген Ақыртас қалашығын қайта жаңғырту үшін Мәдениет және спорт министрі және «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамымен үш жақты меморандумға қол қойып, мәмілеге келуін айрықша айтуға болады.

Аталмыш кездесуде аймақ басшысы Ақыртас қалашығын қайта жаңғырту тарих алдындағы парызымыз екенін баса айтты. Шынында ғалымдар Ирак пен Сириядағы орта ғасырлық құрылыстармен ұқсастығын аңғарған Ақыртастың қойнауында талай құпия сыр жатыр. Тіпті кейбірі «Ақыртас VIII ғасырдың екінші жартысында, яғни 751 жылы қарлұқтар мен араб әскерлері Атлах маңында қытай әскерлерін талқандап, екі мемлекет арасында бейбіт қатынас орныққан кезде салынған. Алайда құрылысы белгісіз себептермен тоқтап қалған. Ұлы Жібек жолында орналасқан Касрибас қаласы Ақыртас болуы мүмкін» деген деректерді де алға тартады. Міне, осындай тарихи мекенде археологиялық қазба жұмыстары жүрген сайын бізге беймәлім деректер табыла беретіні анық. Ендеше, өңір туризмінің төлқұжатына айналуға үміткер кешенді басты назарға алуы облыс әкімдігінің көрегенділігі. Әрі туризмді тік ұшыруға деген адал ниеті. Оған, тек тарихи нысандармен тоқталып қалмай, Жуалы ауданынан шаңғы спортына арналған алаңша салу жобасы да дәлел бола алады.

20 жылдыққа — 20 нысан

Аймақ басшысы Астана қаласының 20 жылдығына да теңдессіз тарту жасады. Елорда төрінен веложол елордалықтардың игілігіне берілсе, мереке қарсаңында облыста 20 нысан елге есігін айқара ашты. Әсіресе, Қордай ауданы Әлжан ауылында Мемлекет басшысының анасының құрметіне салынған мұражай бір жарым айда бой көтеріп, көпті таңқалдырды. Сондай-ақ, мерекеге орай Әлжан ауылынан дәрігерлік амбулатория мен спорт нысаны да іске қосылып, тұрғындардың қуанышын еселей түсті. Бұдан бөлек, еңселі Елордамыздың 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде Жаңатас қаласынан жылына 50 мың ас тұзын шығаруға қауқарлы «Асыл Тұз» ЖШС-да өз жұмысын бастап, 75 адамды жаңа жұмыс орындарымен қамтыды. Мереке күндері мұндай нысандардың Талас, Қаратау, Шу секілді аудандарда да лентасы қиылып, көпшілік үшін мерекелік көңіл күй сыйлады. Бұл да іскер басшының ұйытқы болуымен тетігін тауып жатқан ілкімді тірліктер екені даусыз.

Ақылды қондырғылар қала қауіпсіздігін қадағалайды

Алты айда облыс әкімінің назарынан «Цифрлық Қазақстан» жобасын жандандыра отырып, заманауи құрылғылар арқылы қоғамның таным-түсінігін кеңейту де назардан тыс қалған жоқ. Атап айтсақ, білім беру мекемелерінде туған өлкенің тарихын, мәдени құндылықтарын ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы оқыту мақсатында «Best видео «Туған өлке», «Виртуалды мектеп мұражайы», «BILIM анимация», «BILIM FM мектеп радиосы» сынды заманауи жобалар іске асырылса, енді Асқар Мырзахметовтің тікелей тапсырмасымен әр аудан орталығынан ІТ колледждер ашу көзделуде. Сондай-ақ, барлық кітапханалар электронды форматқа көшеді деген де жоспар бар.

Тағы бір айта кетерлігі, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс орталығындағы 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнатылатын болады. Олар — Балуан Шолақ–Жібек Жолы, Жібек жолы–Самарқанд, Төле би–әл-Фараби, Абай– Ташкент, Төле би–Аққозиев көшелерінің қиылысы. «Аса» мөлтек ауданындағы 5 ауланы «ақылды жарықтандырумен» қамту, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру, жолаушылар маршруттарын GPS-навигациялау сайтын жетілдіру және жаңғырту сынды істер де іске аспақ. Сондай-ақ, «Қауіпсіз Тараз» жобасы аясында қалаға тағы қосымша 178 бейнебақылау камералары орнатылуда.

Асыраушы сала айрықша назарда

Асқар Исабекұлы ауыл шаруашылығын айрықша назарда ұстайды. Жаттанды жауаптар мен сұлу сандар суреттелген жиындардан гөрі облыс әкімі еңбек адамдарымен бірге жүргенді жаны қалайтынын жамбылдықтар жақсы біледі. Сол себепті де, өңір басшысы қызметке кіріскен алғашқы күнінен ұзын-сонар баяндамаларды емес, тіршіліктің тайқазанында қайнаған дихандардың мұң-мұқтажын тыңдап, мәселелерін шешумен болды. Оған дәлел, өнімнің өнімділігін ойлаған өңір басшысы егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқышмен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 800 миллион теңге бөліп, тыңайтқышпен қамтылған шаруалардың санын өткен жылмен салыстырғанда үш есеге арттырды. Сондай-ақ, қант зауыттарымен мәмілеге келіп, науқан кезінде шаруалардан тәтті түбірді қабылдау құнын айтарлықтай өсірді. Бұдан бөлек, облыс әкімі аймақта бар-жоғы 11 тұқым шаруашылығы жұмыс жасайтынына алаңдаушылық білдіріп, қосымшы 8 тұқым шаруашылығын ашу жұмыстарын қолға алды. Ол үшін 7 бағыт бойынша салалық карталар әзірленіп, кооперативтердің жұмысын жүйелеу бағытында да нақты іс-шаралар жоспары әзірленді. Жоғарыда аталған карталарда 2018-2021 жылдар аралығында агро саланы дамытудың нақты жоспары мен бағыты көрсетіледі. Міне, осылайша аймақ басшысы асыраушы салаға айрықша көңіл бөліп, бұл бағыттағы жұмыстарды үнемі бақылауында ұстап келеді.

Түйін:
Міне, бұл жарты жылда атқарған Жамбыл облысы әкімінің негізгі жұмысы. Әрине, бұдан бөлекте күнделікті шешімін тауып, түйіні тарқап жатқан тірліктер аз емес. Ең бастысы Асқар Мырзахметовтың әр бастамасы ел есінде қалуда. Бұл жұмыстың жүйесін тауып, жоспардың бағдарлы орындалып жатқанын айғақтап тұр. Сол себепті, аймақ басшысының әр ісіне тек сәттілік тілеп, алты айда атқарған ауқымды жұмысы жыл соңына дейін жемісті болсын демекпіз.

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.