Жамбыл облысында цифрландыру сот өндірісі сапасын айтарлықтай арттыра түсті. Бұл туралы бүгін республикалық судьялардың кеңейтілген кеңесінде Жамбыл облыстық сотының судьясы Светалана Яковлева айтты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Соттарда цифрлық қылмыстық сот өндірісі іске қосылды. Ол облысымызда ілкі жоба ретінде бейімдеуден өтуде. «Электронды қылмыстық істің» басымдығы неде? Судьяға іс материалдары тіркелген сәттен бастап, сотқа түскенге дейін цифрлық түрде қолжетімді болады. Тергеушінің, адвокаттың, сарапшының әрбір процессуалды іс-қимылы көрініп тұрады. Бұл судьяға істі жан-жақты түсінуіне мүмкіндік береді. Процеске қатысушылар оның ішінде қорғаушы да іспен қашықтан таныса алады. Ол үшін қылмыстық процесті жүргізуші органға барудың қажет жоқ», — деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта облыстық сотқа бұйрықтық өндіріс, теріс қылық бойынша материалдар электронды түрде түсіп жатыр. аталған санатқа жататын сот өндірісінің 50 пайызы қағазсыз жүргізіледі. Бұл сапаның біршама артуына септігін тигізуде. Мәселен, электронды түрде қарастырылған 103 қылмыстық істің екеуіне ғана шағым түскен.
«Ағымдағы жылы қашықтан 79 азаматтық іс қаралды. Жалпы Жамбыл облыстық сотына әкімшілік істердің 98,2 пайызы цифрлық форматта түседі. Бұған қоса, «Судьяға көмек» модулі іске қосылды. Ол мемлекеттік органдардың жылжымайтын мүлік, ертеректе енгізілген айыппұлдар, үкімдер бойынша ақпараттар бар мәліметтер базасына кіруге мүмкіндік береді. Модуль тіпті жаза шарасын есептеуге де мүмкіндік жасайды. Сот істерін іздеу оңтайландырылды», — деді Светалана Яковлева.