Астана қаласының 20 жылдығына орай, «Жырлайды елдің бақытын, Тәуелсіз елдің ақыны!» атты жас ақындардың облыстық жыр мүшәйрасы өтті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Мүшәйраға 18-35 жас аралығындағы Жамбыл облысында тұратын жас ақындардың бұрын баспа беттерінде жарияланбаған және топтамалар мен жинақтарға енгізілмеген, Астана қаласының 20 жылдығына, ел тәуелсіздігі мен тіл тақырыбында жазылған, 10 шумақтан аспайтын 2 өлеңі қабылданған.
Қазылар алқасын ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Асанов Қайырбек басқарды. Қазылар алқасының мүшелері құрамындағы ақын, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Есеманов Хамит, ақын, облыстық «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Абаилдаев Табиғат, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Мырзабаева Балмира, Тілдерді оқыту орталығының қазақ тілінің аға оқу әдіскері Алишева Айжан жас ақындардың өлеңдерін бағалады.
Қазылар алқасының шешіміне, сәйкес, бас жүлдені Шахабай Құрбанәлі (Тараз қаласы) жеңіп алып, І орынды Батырхаирова Динара (Шу қаласы), ІІ орынды Оңғаров Нұрлан (Байзақ ауданы), ІІІ орынды Шөңгербаев Әлімжан (Талас ауданы) иеленді. «Есіл толқыны» номинациясымен Пренов Сәндібек (Тараз қаласы), «Арман қала – Астана» номинациясымен Дербісәлиев Нұржан (Жуалы ауданы), «Жырлаймын сені, Астана» номинациясымен Бұралқы Әсел (Талас ауданы) марапатталды.
Ал, Ерімбетова Балнұр (Жамбыл ауданы), Қуат Аян (Жуалы ауданы), Кәкішева Айдана (Меркі ауданы), Әмреева Жұлдыз (Т.Рысқұлов ауданы) ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Жеңімпаздар дипломмен, Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.