Таразда жылу жүйелері жаңғыртылуда

0 1

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі коғамдық кеңеспен партияның облыстық мәслихаттағы депутаттық фракциясы жанынан құрылған арнайы  комиссия мүшелері  қаладағы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан жылу жүйелерін қайта жаңғырту бағытында құрылыс нысандарының сапасын бақылады. Бұл туралы «Zhambylnews» AA Тараз қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Аталмыш мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жылумен қамту желілерін жаңғырту бағыты бойынша 3 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1 786,5 млн теңге қарастырылған.

Партия белсенділері әуелі Абай даңғылы бойындағы жүргізіліп жатқан жылу магистралінің жұмыс сапасымен  танысты. «Арайстроймаркет-2003» серіктестігі мердігер атанған құрылыс барысында қазіргі уақытта жұмыс 70 пайызға аяқталып отыр. Ал «Techno Construction Company» серіктестігі мен «КорпорацияЖилСтройТараз» компаниясы  жүргізіп жатқан  монтаждау жұмыстары аяқталуға таяу. Құрылыс жұмыстарының жай-жапсарын «ТаразТрансЭнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Ерік Көшербаев комиссия құрамына мәлімдеді.

Тапсырыс берушілер мен халықтың сұранысы бойынша  3 нысанның да құрылысы 1 қыркүйекте аяқталады деп жоспарланып отыр. Себебі, жаңа оқу жылында мектепке баратын оқушылар үшін де қолайлы жағдай қажет.  Сонымен қатар ыстық су беруі де назарға алып отырмыз. Үш нысанда толықтай жаңартылады. Екі ай жұмыс кеш басталса да жұмыстарды аяқтауға барлық мүмкіндік бар. 1 маусымнан бастау алған жұмысты тіпті мерзімінен бұрын межелеуді көздеп отырмыз, – дейді Ерік Әубәкірұлы.

– Арнайы комиссия қаладағы 3 жылу жүйелерінің құрылысымен таныс болды. Абай даңғылы бойындағы құрылыс жұмысына жабдықтау жұмыстары жетіспегені болмаса, сапасы салмақты. ЖЭО-4 М-2 жылу магистралінің де жұмысында жүйе бар. Ал М-4 жылу магистраліндегі жұмыстардың көлемі екі нысанға қарағанда екі есеге төмен. Бірақ бұл жерде жасалынып жатқан жұмыс сапасына көңіл толмады. Екіншіден, жұмыс күшінің саны жетіспей тұр. Бар техниканың өзі қолданысқа енбеген.  Бұл жұмыстың салдарынан қалада қиыншылықтар туындап жатқанын көріп жатырмыз. Мәселен, жөндеу жұмыстарына байланысты транспорт мәселесіне кедергі туындап тұр. Бұл әрине уақытша. Сондай-ақ  қытымыр қыста халықты сапалы жылумен қамту үшін жұмыстарды нақтылап, ширату қажет, – дейді бағдарлама бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының  «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша комиссиясының төрағасы Дәулетбай Есімбеков.

Leave A Reply

Your email address will not be published.