Облысымызда «Денсаулық жолы» акциясы басталды. Кардиолог, онколог және эпидемиолог дәрігерлерден құралған 30-ға жуық білікті маман қала мен аудандарды аралап, халыққа тегін медициналық қызмет көрсетпек. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
Дәрігер мамандардың айтуы бойынша, аурушаңдық пен өлім-жітімге себепші 4 ауру категориясы бар. Соның ішінде жүрек-қантамыр ақаулары мен қант диабеті 1-ші орында тұр. Дұрыс тамақтанбау мен алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс қолдануда аталған дерттердің дендеуіне басты себеп. Сондықтан сала мамандары аурудың алдын-алуға бағытталған жұмыстарға баса мән беру керектігін айтады.
Акция барысында мамандар «Саламатты әдеттер» марафонын ұйымдастырды. Яғни, қатысушылар 10 күн бойы адам денсаулығына зиян келтіретін оның ішінде фасфуд өнімдерін, газдалған сусындар, кондитерлік өнімдерді ас үлесінен алып тастау керек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы тапсырмаларды күнделікті орындау арқылы әрбір адам өз денсаулығын нығайтатын болады.
2 топтан құралған дәрігер мамандар акцияны ең әуелі Байзақ ауданы Үлгілі ауылынан бастамақ. Игілікті іс-шара 5 күн бойы басқа да шалғай елді-мекендерді қамтитын болады.