Шу ауданына әбден тозығы жеткен ескі мұражай жаңа ғимаратқа көшеді. Бір өкініштісі осы уақытқа дейін аталған тарихи-өлкетану мұражайының нақты нысаны болмаған. Енді бұл ғимарат жаңа үлгідегі заманауи кейіпке енеді. Ол үшін Төле би ауылында бос тұрған мейрамхана қайта жөнделіп жатыр. Бұл туралы «Zhambylnews» AA хабарлайды.
3 млн 760 мың теңге. Бұл ескі мейрамхананың сатып алынған құны. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жалпы бұл мұражай 1986 жылы қоғамдық негізінде құрылған болатын. Ал 1989 жылдан «Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музей» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының Шу ауданындағы бөлімі болып тіркелді. Мұражайда 4142-дей экспонат сақталуда.
Жоба Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында іске аспақ. Күрделі жөндеу жұмыстарын «Мемлекеттік сатып алу заңы» бойынша мұндағы мердігер компаниялардың бірі жеңіп алды. Жобаның сметалық құны 36 млн 670 мың теңге.
Сондай-ақ болашақта ғимарат ашылғаннан кейін қорды толтыру жұмыстары қолға алынады.