«Қазіргі заманғы Жібек жолы» мазмұнды деректі фильм түсіру үшін түркиялық режиссер Мехтап Сабунджу бастаған түсірілім тобы Тараз қаласына келді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Түркілер кеңесі ұсынған Жібек жолының жаңа туристік бағытын жариялайтын фильмді Түркиядағы ең ірі TRT – АVАZ арнасы түсіреді.
Түркі кеңесі — қазіргі заманғы түркі мемлекеттерін біріктіретін халықаралық ұйым. Басты мақсаты — мүше мемлекеттер арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты дамыту. Өткен жылы «Қазіргі заманғы Жібек жолы» халықаралық жобасын ұсынған болатын.Аталған жоба шеңберінде әр елдің туристтері бір сапарда Түркия, Әзірбайжан, Қазақстан және Қырғызстанға бара алады. 14 күнге есептелген бағдарлама барысында туристер жергілікті тұрғындардың тіршілігімен, мəдениетімен, тарихи орындармен танысып, Ұлы Жібек жолының бойымен жүріп өте алады.
Бірлескен пилоттық жобасын жүзеге асыру — 2017 жылы туроператорларға арналған екі ақпараттық турмен басталды. Ал, жобаның екінші сатысында биыл Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттер туралы деректі фильм түсіру жоспарланып отыр.
Төрт мемлекет аумағында жоспарланған түсірілім Қырғызстаннан басталып, қазір Тараз қаласында жалғасып жатыр. Жамбыл облысындағы Айша бибі кесенесі, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешені және Төрткүл ортағасырлық керуен сарайында түсірілім жұмыстары жүргізіледі.
Бұл деректі фильм — тарихы тереңде жатқан Тараз шаһарына туристердің қызығушылығын арттырып, өңір туризмін дамытуға мүмкіндік беретін болады.