Қазақстан Президенті Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA.
Кездесуде Үкіметтің 2018 жылғы бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының қорытындылары, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың іске асырылу барысы талқыланды.
Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері артып келе жатқанына қарамастан, мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалар тұрғындарды толық қамтымай отырғанын айтты.
– Бірінші жартыжылдық аяқталды. Көрсеткіштер өсіп келеді. Жалпы, халықтың әл-ауқаты жақсы. Біз индустриялық, инфрақұрылымдық және әлеуметтік бағдарламалар қабылдадық. Алайда, жергілікті атқарушы органдар мен министрліктер оларды толық орындамай отыр, бекітілген бағдарламалар өңірлерге жетпей жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Елбасы коммуналдық қызмет көрсету тарифтерінің өскеніне және еліміздегі жоғары оқу орындарындағы оқу ақысының қымбаттағанына тоқталып, медициналық қызмет пен білім сапасының төмендеп бара жатқанын атап өтті.
– Коммуналдық қызметтердің бағасы өсті. Медициналық қызмет көрсету нашарлады. Білім алу қымбаттап барады. Жастар біздің университеттердегі білім сапасының төмендігіне байланысты Ресейдің жоғары оқу орындарын таңдайтын болды. Біздің қоғамда осындай проблемалар жиі көтерілуде, – деді Мемлекет басшысы.