Алматылық кәсіпкер әрі депутат Қайрат Құдайберген Денис Теннің өліміне күдікті жайлы айтты. Бұл туралы «Zhambylnews» AA Stan.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Бүгін сағат 11:30-де досыммен бірге Денис Теннің қайғылы жағдайға тап болған жеріне келдік. Бір минуттың үнсіздіктен соң, гүл қойып қайтпақ болдық. Осы кезде бір топ полицей мен прокурорларды, күдіктіні көрдік. Оны оқиға орнына алып келді. Адамдар оған қарғыс айтып жатты. «Қылмыскер», «Өліп кетпедің бе өзің?», «Сені жер қалай көтеріп жүр?» деп жатыр», – деп жазады кәсіпкер желіде.
Ол күдіктінің бетін жауып жылап келе жатқанын айтты. Кәсіпкер кінәлілердің қатаң жаза алуы тиіс екенін жазды.
«Мен милицияда жұмыс істегенімде, нағыз қылмыскер мен ұрыларды көрдім. Арықтау келген мына жігіт ұсақ ұрлықпен айналысқан. Күдіктінің пышақ ала жүгіргенде не ойлағанын білмеймін, бірақ оның жас талантты өлтіргісі келмегені анық. Екі жігіт бұған дейін де ұрлықпен айналысқанына 100 пайыз сенем. Олардың ісі бір ізге қойылған. Менің ойымша, ұрыларды ғана емес, ұрланған заттарды алып сатушыларды да дәл солай жазалау керек», – дейді Қайрат Құдайберген.
«Күдіктілер көлік айнасын 40 мың теңгеге сатпақ болған. Денистің өмірін 40 мың теңгеге бағалаған. Сол бақытсыз 40 мың теңге ұсақ ұрлық ісі болса да қоғамның сана-сезімін өзгертуге, оятуға себеп болар деп сенем. Иманды бол, бауырым», – деп жазады кәсіпкер.
Естеріңізге сала кетейік, кеше танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенді бұзақылар пышақтап кеткен болатын. Кейіннен, ауыр жағдаймен ауруханаға түскен спортшының жансақтау бөлімінде көз жұмғаны хабарланды.