Батыс Қазақстан облысында Денис Тенді өлтіргендерді қолдаған мұғалімге қатысты тергеу жүргізілуде, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Зеленов ауданы Белес ауылында тұратын математика пәнінің мұғалімі Шерхан Байзенов Инстраграмдағы парақшасында Денис Тенді өлтіргендерді қолдап, жазба қалдырған болатын. Бұл жазба әлеуметтік желі қолданушыларының ашу-ызасын тудырғаннан кейін ол бұл ісі үшін көпшіліктен кешірім сұрады.
БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, қазіргі уақытта Ш.Байзеновке қатысты ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлігіне сәйкес (әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Ш.Байзеновтен ешқайда кетпеу туралы қолхат алынды.
Зеленов аудандық білім бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин Оралдағы педколледжді бітірген Ш.Байзеновтің Белес орта мектебінде 5-9-сыныптарға математика пәнінен сабақ беретіндігін, қазір еңбек демалысында екендігін жеткізді. Оған қатысты шара қылмыстық іс аяқталғаннан кейін қолданылатын болады.
Айта кетейік, ҚР ҚК 174-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмысы дәлелденген адам екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Белгілі болғандай, спортшының өліміне қатысы бар екі күдікті ұсталды.