Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Талас ауданында жұмыс сапарымен болып, аймақтағы индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы туралы жиын өткізді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін жүргізілген жан-жақты талдау нәтижелері аудан экономикасының негізгі салаларында ілгерілеуден гөрі іркіліс көп екендігін айқындап берді.
Жалпы, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін бағамдау 4 бағытта жүргізілген. Сол арқылы аудан әкімімен облыс әкімі, облыс әкімдігінің басқармалары арасындағы негізгі индикаторларға қол жеткізілмегендігі белгілі болды. Аймақта агросала бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Себебі, мұнда 11 мың гектар жер пайдаланылмаған. Мұнан өзге 5000 гектар суармалы егістік алқаптары да бос жатыр. Шаруалары мемлекеттен бөлінетін қыруар қаржының пайдаланып, табысын еселеуге құлықсыз.
Бұл жергілікті биліктің мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпараттандыру жүргізбегендігін аңғартады. Кәсіпкерлік саласында да көз қуантатын нәтиже байқалмайды. Кәсіпкерлік субеъктілерінің саны аз, әрі өндірістік әлеуеті төмен. Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған «Жамбыл Недр» цемент зауыты әлі күнге дейін өнім шығармаған. Аймақтағы бизнес секторында мұнан өзгеде қордаланған мәселе жетерлік.
Жиында облыс әкімі жергілікті билікке экономиканың өзегі саналатын ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік салаларындағы сан түрлі мәселелерді шешу жолдарын қарастырып, нақты ұсыныстарды қаперге алуды тапсырды. Жиын әлі жалғасуда. Аймақ басшысы жұмыс сапарымен түстен кейін Сарысу ауданына баратын болады.