Археологтар сақ дәуіріне жататын құнды жәдігерлерді тапты

0 3

Астана іргесіндегі Күйгенжар ауылы маңынан аргеологтар сақ дәуіріне жататын әшекейлерді тапты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz — ке сілтеме жасап.

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Есіл археологиялық экспедициясы елорда іргесіндегі патша қорғанына қазба жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде археологтар қорғанның жоғарғы қабатындағы 7 қабірді ашты.

Осы орайда Кемел Ақышев атындағы археологиялық ғылыми-зерттеу институтының аға-ғылыми қызметкері Данияр Тілеуқабылов патша қорғандары алғаш рет 2005 жылы қазылғанын атап өтті.

«Археологтар оның тоналғанын анықтады. Одан құнды жәдігерлер табылған жоқ. Бірақ осы жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астана қаласы әкімдігінің тапсырысымен екінші қорғанды қазып жатырмыз. Қазба жұмыстары барысында әшекейлер табылды», — деді ол.

Оның ішінде қола сырға мен күміс жіп те бар. Экспедиция мүшелерінің айтуынша, қыздың қабірінен жүзік табылған. Ғалымдардың пікірінше, ол неке жүзігі болуы мүмкін. Оны қыз оң қолына киген екен.

«Биыл Күйгенжар ауылы маңайындағы қорымды қазуды бастадық. Нәтижесінде қорғаннан 7 адамның қаңқасы табылды. Сонымен қатар қола жүзік пен сырға, айна мен белбеу қалдықтарын таптық. Жүзік неке жүзігі болуы мүмкін деген жорамал бар. Бұл жердегі қорғанның хронологиясы шамамен 2 мың жылды қамтиды. Бұл – сақ мәдениетінің кезеңі. Ол ерте темір дәуіріне жатады», — деді Еуразия Ұлттық университетінің Тарих факультетінің оқытушысы Бақытжан Болатбекұлы.

Сонымен қатар ол табылған қаңқа сүйектеріне ДНҚ сараптамасы жүргізілетінін атап өтті.

«Қазіргі таңда біз сараптама жұмыстарын италиялық ғалымдарымен бірігіп жүргізіп жатырмыз. Енді ДНҚ сараптасын жүргізу қажет», — деді оқытушы.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.