Мамандар «білім депозитін» қанша теңгемен ашуға болатынын айтты

0 0

Білім депозитін ашу үшін енгізілетін алғашқы салым үш айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «Қаржы орталығы» АҚ Білім беру қызметтеріне ақы төлеу жүйесін дамыту департаментінің менеджері Алпамыс Сатыбалдин мәлімдеді, — деп хабарлайды «Zhambylnews» AA Baq.kz — ке сілтеме жасап.

«Бөлінген мемлекеттік сыйақының жалпы сомасы 1,6 млрд теңгеден асады. Алғашқы салынатын жарна көлемі 3 АЕК құрайды. 2018 жылы ол 7215 теңге шегінде болып отыр. Яғни, білім депозитін ашу үшін осы соманы салып, әрі қарай қаражат жинақтай беруге болады», – деді Қаржы орталығының өкілі.

Департамент менеджері депозиттегі келесі толтырулардың мерзімі мен көлеміне қатысты ешқандай шектеу жоқ екенін айтты.

«Мысалы, егер, өз балаңыз үшін айына сегіз мың теңгеден жинақтағанның өзінде, ол он сегіз жасқа толғанға дейін бір миллионға жуық қаражат жинап қояды. Оның үстіне, банк пен мемлекет екі миллионға жуық қаражат қосып береді. Осылайша бұл сома үш миллионға жуықтайды. Егер, ол бала оқу грантын иеленсе, онда ол жинақталған соманы шешіп алуына немесе үшінші тұлғаның білім алуы үшін аударуына болады», – деді Сатыбалды Алпамыс.

Ол бұл депозиттер 10 млн теңгеге дейін қазақстандық депозиттерге кепіл беру қорымен сақтандырылатынын айтты. Сол сияқты, мемлекеттік сыйақыға табыс ретінде ешқандай салық салынбайды.

«Білім депозиті іске қосылған уақыттан бері салымшылар иелері біршама жасарғаны байқалады. Бастапқы кезде салымдар 10-11 сыныптың оқушыларына арналса, қазір ата-аналар балалары 6-7 шамасында болған уақыттан бастап қаржы жинақтауды қолға алып отыр. Ия, гранттар саны жыл сайын өсіп келеді. Алайда, ол елдегі студенттердің барлығына жетпесі анық. Ал, депозит болса, бұл сақтандыру салымы болып табылады», – деді департамент менеджері.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.