Медициналық университеттен шығарылған кейбір студенттерге қатысты процессуалдық шешім әлі қабылданған жоқ. «Астана» медициналық университетіне түсер кезде жалған IELTS сертификаттарын пайдаланғаны үшін оқудан шығарылған студенттер ЖОО-ға қайта қабылданбайды. Бұл туралы «ZhambylNews» AA Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
Елордалық сот медициналық білім беру мекемесіндегі оқуын жалғастырғысы келген бірнеше студенттің шағымын қанағаттандырмады. Сот шешімі әлі күшіне енбеген.
Адвокат Ерғали Мелдебековтің пайымдауынша, қарапайым тексеру тәсілі сертификаттардың жалған екенін дәлелдей алмайды. Оның сөзіне сүйенсек, Британ консулдығына сұрату жолдаған абзал.
Ағылшын тілі бойынша IELTS сынағының сертификаттарына қатысты шу былтыр күз айында шыққан болатын. Медициналық университеттің 100-ден астам студенті жалған сертификатпен оқуға түскен болып шықты. Сөйтіп, білім беру мекемесінен 117 адам оқудан шығарылған.
Оқудан шығарылып қана қоймай, бұл студенттердің білім алуына кеткен қаражат пен осы уақыт бойы төленген шәкіртақы мемлекеттік бюджетке қайтарылуы тиіс болатын.
Білім алушылардың өздері сертификаттың жалған екенін білмей, алаяқтарға алданып қалғандарын айтады.