Құрама штаттарында алаяқтық үшін тұтқындалған топ ішінде үш Қазақстан азаматшасы бар болып шықты. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров мәлім етті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
АҚШ-та 25 адамнан құрылған қылмыстық топ сирек кездесетін көліктерді сатамыз деп талай америкалықтарды алдап кетіп жүрген.
Олар санаулы түрде ғана шығарылған көліктерді сату туралы хабарлама таратып, клиенттерден алғашқы төлемін ала берген сәтінде іздерін суытып отырған.
Баспасөз хатшысының айтуынша, олардың келтірген шығынының көлемі 4,5 млн АҚШ долларын құрады.
«Алдын ала берілген мәлімет бойынша қазақстандық азаматшалардың кінәсі дәлелденсе, оларға 20-дан 30 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесілмек», — деп айтты Айбек Смадияров.
Оның мәлімдеуінше, тұтқындалған қазақстандық азаматшалардың үшеуі де Тараздың тумалары болып шықты. Олар 1970, 1991 және 1994 жылғы бойжеткендер.
«Екеуі қамауда отыр. Үшіншісін денсаулығына байланысты ешқайда кетпеу туралы тілхат негізінде босатты», — деп қоса кетті хатшы.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, тұтқындалғандар АҚШ-та тұрақты тұру құқығына ие болған.