Тегін білім: Қазақ және орыс топтары бір грантқа таласуы мүмкін

0 1

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов мемлекеттік гранттарды қазақ және орыс топтарына бөлмей, барлығына бірдей тағайындауға қатысты ұсынысты түсіндірді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, қазіргі кезде гранттар екі топқа бөлек беріледі. Қазақ тілді топта үміткерлер алған ұпайларына қарай тегін білім алуға мүмкіндік алады. Орыс тобында да солай. Ал жаңа ұсынысқа сәйкес, бір мамандық бойынша жалпы гранттар бөлінеді де, қазақ тілді және орыс тілді топтар конкурсқа бірдей қатысады. Сөйтіп, ортақ бір тізім шығарылады.

«Бүгінде біз әрбір топтың ұпай санына қараймыз. Сосын грант тағайындаймыз. Ал жаңа тәртіп бойынша жасаса, жалпыға бірдей конкурс болады. Ұпай санына ғана қараймыз. Кім қандай ұпай алды, соған сәйкес грант бөлінеді. Тілге байланысты емес. Мәселен, педагог мамандығына 100 орын бөлінсе, сол 100 орынға қазақ тілінде оқыған балалар да, орыс тілінде білім алған балалар да таласады. Сонда ең жоғары ұпайы бар 100 бала грантқа өтеді. Әзірше, бұл ұсыныс қана. Біз оның бәрін жан-жақты талқылайтын боламыз», — деді А.Аймағамбетов.

Ресми мәліметке сәйкес, биылғы ұлттық бірыңғай тестілеуге республика бойынша 100 мыңнан астам түлек өтініш білдірді. Олардың 75 проценті қазақ тілінде оқуға ниет етсе, қалған 25 проценті орыс тілді бөлімдерді таңдаған. Мемлекеттік гранттар да солай таратылды. ҰБТ-да орташа ұпайдың көрсеткіші 83-ті құрады. Шекті деңгей — 50 ұпайды 84 мың түлек жинады. Тест тапсырғандар смартфон, роутер, модем сияқты 82 мыңнан астам құрал-жабдықты, сондай-ақ, 28 мыңнан астам шпаргалка алып өтпекші болған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.