«Мен қазақпын» мегажобасының телевизиялық байқауының түсірілімі басталды. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.
Осымен екінші жыл қатарынан өткізілетін мегажобаның негізгі мақсаты — қазақтың дәстүрлі ән, терме айту, күй тарту өнерін насихаттау және дәстүрлі өнер жанашырларының мәртебесін көтеру.
Байқаудың тағы бір ерекшелігі — қатысушылар заманауи немесе авторлық шығармаларды емес, дәстүрлі халық ән, күй, термелерін орындайды. Сол арқылы ұйымдастырушылар ұмыт болған ұлттық өнерді жарыққа шығаруды мақсат етіп отыр.
«Жобаға қатысушылар мен қатысқысы келетін ұлттық өнерді ұлықтаушылардың саны жыл санап артуда. Былтыр аталған жобаға қатысуға 700 өтініш түссе, биыл 2 мыңнан аса өтініш қабылданды. Іріктеу кезеңі белгілі жүйе бойынша ауыл, аудан, облыс, ал одан шыққандар республикалық телевизиялық түсірілімге жолдама алды. Одан бөлек, халықаралық іріктеу болды. Қатысушылардың санымен қатар, сапасы да жоғары деп айтуға болады. Бұл — әділқазылардың сөзі», — дейді «Мен қазақпын» жобасының авторы және бас продюсері Қуаныш Сүлейменов.
Ағымдағы жылдың 14 маусым күні республикалық «Men qazaqpyn» дәстүрлі әнші, күйші, термешілердің телевизиялық байқауының облыстық іріктеу кезеңі өткен болатын.
Республикаға жолдама алған дәстүрлі әнші Ахат Кенжебаев (Сарысу ауданы), термеші Мәлік Мықтыбеков (Жуалы ауданы),Жамбыл облыстық филармониясының күйшісі Дулат Байзілдаев (Тараз қаласы) дүбірлі доданың II маусымында облыс намысын қорғау үшін жуырда Астана қаласына аттанды.
Астана қаласында «Қазмедиа орталығында» 4-11 тамыз аралығында аталмыш байқаудың түсірілімі өтеді.
7 тамыз күні Казмедиа орталығында сағат 10.00-де 2 ші бағдарламада сарысулық дәстүрлі әнші Ахат Кенжебаев, 7 тамыз сағат 14.00-де 3- ші бағдарламада Тараздық күйші Дулат Байзілдаев, ал 8 тамыз күні сағат 10.00-де 4-ші бағдарламада жуалылық термеші Мәлік Мықтыбеков өнер көрсетті.
9,10,11 күндері жалпы түсірілімдер болады.
Айта кетейік, Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» РТРК» АҚ алғаш рет 2017 жылы жүзеге асырған бұл жобаның бергені аз болмады. Өткенді бүгінгі күнмен өрнектей отырып ертеңге қызмет еттіру мақсатында қолға алынған «Men qazaqpyn» бүгінде өзінің алға қойған мақсаты мен жүргізілу жүйесі арқылы халықтық жобаға айналды. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі өнері бар жастардың жарқырап көрінуіне жақсы жағдай жасады.