«Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының таныстырылымы өтті

0 12

Ағымдағы жылдың 9 тамыз күні облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 5, 6 және 7 сыныптың оқушыларына арналған «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының таныстырылымы өткізілді.  Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен іс-шараның мақсаты — оқулықтың мазмұнымен облыс педагогтарын таныстыру, оның маңыздылығын түсіндіру.

Басқосуда алғаш болып сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жамиля Бекбатырова оқулықтың тәрбиелік маңыздылығына тоқталды. 

— Оқулық Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Өлкетану» курсы оқулығын әзірлеуге арналған әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жазылды. «Өлкетану» оқулығының жобасы облыс әкімдігінің жанынан құрылған редакциялық кеңесте, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің пәндік және эксперттік комиссияларында, авторлық жұмысшы тобының отырыстарында қаралып, талқыланды. Оқулықтың электронды нұсқасы 2018 жылдың наурыз айынан бастап облыстық білім басқармасының сайтында орналастырылып, алдын-ала пікірлер жинақталды», — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырова.

— Мағжан Жұмабаевтың педагогика оқулығын алып қарайтын болсақ, «бала бұлақтың былдырын, судың сылдырын, орман-тоғайдың күңіренгенін естісін, сонымен таныссын. Сонда ғана балада туған жерге деген патриотизм оянады» делінген. Бұл жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін бірден-бір құрал деп есептеймін. Оқушыларға берері мол,-дейді педагогика ғылымдарының кандидатыДархан Байдалиев.

Өңір тарихын баяндайтын оқулықтың авторы облыстық білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті директорының орынбасары Бигелді Тәжібаев оқулықтың қысқаша мазмұнымен таныстырды.

Оқулықтың құрылымы «Қымбатты балалар!», «Кіріспе», «Қорытынды» сияқты бөлімдерден тұрады. Өз сөзінде ол аталған оқулықтың мазмұны оқушылар бойында туған өлкенің қалыптасуы мен дамуын кешенді сипаттайтын тарихи-мәдени, географиялық, эстетикалық, филологиялық білімдерінің қалыптасуына бағытталып, жастарды туған өлкесін аялап, қастерлеуге тәрбиелейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.