«Zhas project» — жастарға жаңа мүмкіндік

0 24

Таразда «Zhas project» жобасы аясында жеңімпаз топтарға жетекшілік ететін ментор мамандарды оқыту семинары басталды, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі.

Жастар корпусын дамыту жобасына осыдан бірнеше ай бұрын өтінімдер қабылданған болатын. Бұл  – Халықаралық қайта құру және даму банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен бағдарламасы.

Мақсаты – жастарды қоғамдық іс-шараларға тарта отырып, бизнес жобаларын жүзеге асыру. Әр жобаға 1 миллион теңгеге дейінгі қаржы қарастырылған. 50 аутрич-консультант маман оқытылыпты.

Бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы бойынша 435 млн. теңге инвестиция тартылып, 222 топ жүлдегер атанған. Осы топтарға алты ай бойы жетекшілік ететін 43 тәлімгер облыс орталығы мен аудандардан таңдалып алынды. Осы ментор мамандарды Астана мен Алматы қалаларынан келген арнайы тренерлер оқытуда.

Жоба қатысушысы Айгерім Қырғызбаева көптен бері сұлулық мектебін ашуды армандап келген. Мақсатын жүзеге асыруға қаражат қол байлау болды. Ол «жас проджект» туралы естіп, бағын сынап көруге бел буады. Сөйтіп ауылдағы құрбыларының басын қосып бизнес жоспарын ұсынған. Жобалары қолдау тауып, 1 миллион теңге көлеміндегі грантқа қол жеткізді. Қазір Бектөбе ауылынан сұлулық мектебін ашып, жергілікті 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды тегін оқу курстарынан өткізіп жатыр.

Айгерім Қырғызбаева, Бектөбе ауылының тұрғыны:

— Төртеуіміз 6 ай бойы бірігіп жұмыс жасаймыз. Біздің мақсатымыз осында ауылды жерде көпбалалы аналар, декретте отырған аналар сол кісілерге шаштараз қызметін тегін үйрету жұмыссыз жастардың, жұмыссыз адамдардың санын азайту. Жалпы осы жоба аясында 6 ай бойына біз 30 адамды үйретіп шығарсақ па деп отырмыз. 

Ал Айзат Мәдиева тіптен ерекше жобаны қолға алған. Ол ауылға жаңа түскен келіндер мен қыздарға сиыр сауып, құрт, май, ірімшік сияқты сүт өнімдерін қолдан жасаудың қыр-сырын үйретеді. «Жас проджект» жобасының шарты бойынша 1 миллион теңге грант екі бөліп беріледі. Жас кәсіпкердің тобы алғашқы кезеңде бұзаулы сиыр алып, іске кірісті. Енді ақшаның екінші бөлігіне тауық алып, құс шаруашылығын бастамақ.

Айзат Мәдиева, Бектөбе ауылының тұрғыны:

— Мал шаруашылығын жақсы көремін мен өзім. Қазіргі жастарға осы жобамыз іске асып жатқан жағдайда кішігірім сүт өнімін сататын кішкентай будка болса да ашу. Мынау кісі екінші адамым болады үйретіп жатқан.

Алынған өнім немесе қызмет түрлері отбасылық жағдайы төмен, жалғыз басты ана, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде жұмсалады. Ал 6 ай мерзім аяқталғаннан кейін бизнес жоба авторлардың өздерінде қалады. Жастар жылы бұл бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасын таппақ.

Мамыржан Асатулаев, «ZHas Project» жобасының Жамбыл облысындағы үйлестірушісі:

— Қазір қарастырып жатырмыз. Келесі жылға осы жергілікті бюджетпен Жас проджект жобасын әрі қарай дамытамыз. Бүгінгі күні бұл жастарға өте жақсы көмек. Жас кәсіпкерлікке өзінің бизнесін қоюға сондай мүмкіндіктер беріп жатыр. Қатысушылар бізде стипендия алып жатыр. Жоғары білім алғандар олар 60 мың теңге, қалғандары 40 мың теңгеден әр ай сайын. 

Жалпы аймақта 209 жоба нақты жұмыс істеп жатыр.  Мұнда 700-ден астам жас жұмыспен қамтылған. Оның 30-дан астамы мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгінгі таңда жүзеге асырылып жатқан жобалардың басым бөлігі ауылды жерлерде. 71-і қалада. Бастама аясында 104 миллион 500 мың теңге бөлініп отыр.

Leave A Reply

Your email address will not be published.