Алматы әкімі қыршынынан қиылған спортшы Денис Теннің рухына тағзым ретінде қалада қандай нысандар пайда болатынын айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қала әкімі Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен атындағы турнир ұйымдастырылатынын айтты.
«Денис Теннің қазасы бүкіл қазақстандықтарды дүрліктіріп қана қоймай, біріктірді. Мен Денистің ата-анасымен екі рет әңгімелестім. Алдыңғы күні тағы да жүздестім. Қала әкімдігі мәнерлеп сырғанаудан Денис Тен атындағы турнир ұйымдастыратын болды. Халықаралық додаға жас спортшылар қатысады. Алматы — қысқы спорттың орталығы. Сондықтан, бұл турнир қалаға керек», — деді Б.Байбек.
Сонымен қатар, Денис Теннің рухына арнап спортшы көз жұмған жерге ескерткіш орнатылады.
«Біз ескерткіштің ең озық үлгісін анықтау үшін мүсіншілер арасында байқау жариялаймыз. Қазір осы бағытта Денис Теннің туыстарының қатысуымен комиссия құрылды», — деді әкім.
Сондай-ақ, Денис Тен туған үйге ескерткіш тақта орнатылып, кітап жазылады.
«Туысқандарында Денис Тен туралы барлық мәлімет бар. Оны кітап етіп жазу үшін барынша қаржылық көмек көрсетеміз. Осы мәселелердің барлығы менің жеке бақылауымда болады», — деді әкім.
Мұның алдында Денис Теннің анасы ҚР мәдениет және спорт министрлігі мәнерлеп сырғанау академиясын ашуды жоспарлап отырғанын айтқан болатын.