Жамбыл облысында мобильді топ құрылды

0 11

Жамбыл облысы мектептептерінің жаңа оқу жылына дайындығы қандай? Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында облыстық білім басқармасы «Жамбыл облысы жастар ұйымдары» қауымдастығымен бірлесіп мобильді топ құрды. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Aгенттігі хабарлайды.

Жоба аясында қоғамдық ұйым өкілдері мен белсенді азаматтар облыс мектептерін аралап, жаңа оқу жылына дайындығын саралайтын болады.

Айта кетейік, 2017 -2018 жылғы оқу жылына 106, 1 млрд теңге бөлініп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 16 пайызға өскен. Қазір облыста 4,9 млрд. теңгеге 14 білім нысанының құрылысы жүріп жатыр.  Алдағы оқу жылына облыс бойынша 9 мектеп пайдалануға берілмекші. Білім беруді дамытуға  бағытталған мемлекеттік бағдарламалар өз деңгейінде жүзеге асырылуда.  Қазіргі таңда облыстағы жекеменшік балабақша үлесі 25 пайызды құрайды. Өңірдегі 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көлемі 91 пайыздан асты.

Қазір облыста заман талабына сай, кәсіптік-техникалық білімге баса назар аударылып отыр. Бұл ретте колледждер дуалды оқыту жүйесі бойынша облыстағы өндіріс кәсіпорындарымен келісім-шарт негізінде жұмыс істеуде.Елбасының «5 әлеуметтік бастамасы» аясында 3 колледжге арнап жеке жатақхана салу үшін тиісті жер телімдері бөлінді. Ондағы құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін құжаттамалар дайындалуда. Өткен оқу жылында Жамбылдық оқушылар республикалық, халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 143 медалға ие болды. Республикалық олимпиадалардың нәтижесі бойынша жамбылдық өрендер 7 жыл қатарынан «Үздік олимпиадалық команда» атағын қанжығасына байлауда.

Сапалы білімнің тағы бір кепілі – білікті кадр. Білім берудің бәсекеге қабылеттілігін арттыру –барша мұғалімдерге ортақ міндет.  Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметов ұстаздар қауымына артылатын жауапкершіліктің жүгі ауыр екендігін, сондықтан, білім сапасына ерекше екпін беру қажеттігін баса айтты. Биылғы тамыз конференциясында аймақ басшысы білім саласына қатысты бірқатар өзгерістерді де жеткізді. Ол жаңа жүйеде жұмыс істеу, цифрлы Қазақстан жобасын мектептерге енгізу мен жекеменшік –әріптестік саласын дамыту секілді маңызды қадамдар. Сонымен бірге, өңірімізде мұғалімді жұмысқа қабылдау 1 қазаннан бастап, автоматты түрде жүргізілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.