Құрбандыққа шалынған малдың қасында суретке түсу – шариғатқа қайшы амал. Құрбан шалғанын бәріне жариялап, жар салып, суретке түсетіндер жасаған амалын әшкерелеп қояды. Түптеп келгенде, бұл шариғатқа қайшы әрекет, дейді «Нұр Астана» мешітінің бас имамы, Астана қаласының өкіл имамы Асқар Мұқанов. Бұл туралы «ZhambylNews» AA Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап хабарлайды.
«21 тамызда иісі мұсылман баласын бауырмалдыққа, татулыққа, мейірімділік пен қамқорлыққа шақыратын Құрбан айт мейрамы басталады. Астанада Құрбан айт намазы таңғы сағат 07:00-де оқылады деген шешім қабылданды. Айта кетерлігі, шариғатымызда күн найза бойы көтерілгеннен ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, сапарға шықпаған әрбір мұсылман баласына айт намазын оқу міндетті амалдардың бірі саналады. Ал 20 тамыз – Арапа күні. Намаз уақытылы басталатындықтан ертерек қам жасаған абзал», — деді Құрбан айт мерекесіне қатысты өткен баспасөз мәслихатында Асқар Мұқанов.
Оның айтуынша, ұлық мейрамды бүкіл халық болып мерекелеу үшін бірқатар мәдени, рухани және қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырылған, оған Астана әкімдігі қолдау көрсетіпті. Имам мерекеде қайырымды жандардың құрбандығын бұзып алмай, бірден Астана қаласында тұратын тұрмысы нашар көпбалалы отбасылар мен мүгедек жандарға таратып беру қайырымдылық шарасының бір бөлігі екенін атап өтті.
«Мәдени шараларға айт намазынан кейін мешіттердің алдында өтетін қайырымдылық жәрмеңкелер, спорттық шаралар, ақсақалдар мен мешіт жамағатына арнайы жайылған айт дастарқаны жатады», — деп түсіндірді Асқар Әбітайұлы.
Мешіт қызметкерінің мәліметінше, айт күндері қаладағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «С.Ғылмани» мешіттерінің ауласына киіз үйлер тігіліп, спорттық-мәдени шаралар ұйымдастырылады. Мереке күндері әрбір шамасы жеткен мұсылман баласы құрбан шалып, Алла алдындағы міндетін өтейді.
«Осы тұста бір айта кететін нәрсе, қазір «селфи» деген шықты. Ол шариғатқа кішкене қайшы. Құрбан шалып жатқанын немесе шалынған малдың басын ұстап суретке түсу – бұл шариғатқа қайшы амал, мұндай әрекетке мұсылман баласы бармауы қажет. Жастар сойылып жатқан малдың жанына барып, ағып жатқан қанды суретке түсіріп, оны әлеуметтік желілерге салып, әдепсіздік танытып жүргенін жылда көріп жүрміз. Бұл – дұрыс емес. Себебі, құрбан шалу – бұл Аллаға жақындау. Пенденің құрбан шалғанын бәріне жариялап, жар салып, суретке түсуі амалын әшкерелеп қойғанмен бірдей болады», — деп түйіндеді имам.