Мәжіліс депутаттары Сарысу ауданында болып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты

0 4

Жамбыл облысына іс-сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зәуреш Аманжолова мен Бақытгүл Хаменова  Сарысу ауданында болып, бірқатар нысандарды аралап, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты, — деп хабарлайды «Zhambylnews» Ақпараттық Агенттігі.

Ең алдымен аудан әкімдігінің мәжіліс залында кездесу жиыны өтті. Жиынды аудан әкімі Балабек Нарбаев ашып, жүргізіп отырды.

Мәжіліс депутаты З.Аманжолова жиынға қатысушылар алдында «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» туралы айтып өтті.

– Өз басым Елбасы Үндеуін ерекше ықыласпен тыңдадым. Маңызды құжатта халықтың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік реформаларды уақыт талабына сай жүзеге асыру ұсынылды. Бұл жаңа бас-тама қоғамды ортақ мүддеге ұйытуға, қазақ елінің әлемдік өркениеттен берік орын алуына жан-жақты ықпал етеді. Сондай-ақ, мұғалім мәртебесінің жоғары болуы, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие берілуі қажет, – деді.

Одан кейін сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Хаменова еліміздегі үштұғырлы тіл саясатының маңыздылығына тоқталып, мектептің материалдық-техникалық базасы турасында қазіргі кезде оқушылардың білім алуына мемлекет тарапынан барлық жағдайдың жасалғанын айтып өтті.Одан кейін халық қалаулылары аудандық мәдениет үйіндегі рухани жаңғыру жобалық офисінің жұмысымен танысты. Кездесу барысында аудан аумағында рухани жаңғыру аясында атқарылып жатқан және алдағы жоспарлар бойынша үйлестіруші Дариха Үмбетиярова слайд арқылы таныстырып шықты. Басқа да қажетті құжаттарды тексеріп көрген мәжіліс депутаттары аудандағы рухани жаңғыру жұмыстарына баға беріп, аудан мектептеріндегі оқушыларды тарихи жерлерге саяхат жасатып, осы орталықта сабақ өткізіп тұруды тілге тиек етті.

Сонымен қатар, аудандық орталық кітапханада болды. Рухани байлығымыз кітапты кең көлемде насихаттап, оқырмандарды кітап оқуға тарту бойынша жұмыс жасау керектігіне тоқталды.

Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында аудан тұрғындарымен кездесуін өткізді. Аудан азаматтарының талап-тілектері тұрғын үй кезегін жеделдету үшін көпқабатты үйлерді қайта күрделі жөндеу жұмыстарына қаражат қарастыру мәселелері туралы ҚР Парламенті мәжіліс депутаттарына тілек-өтініштерін білдірді.

Мәжіліс депутаттары жергілікті, яғни аудандық, облыстық бюджет есебінен іске асырылу қажеттігін айтып, оның шешілу жолдарын анықтап, назарда ұстайтындықтарын жеткізді. Содан соң Жаңатас көпсалалы колледжінде болып, колледж ұжымымен кездесті.

Колледж директоры Н.Түйтебаева колледж 435 студентке ақысыз негізде білім беретін оқу ордасы екенін, аудандағы ірі кәсіпорындар «Қазфосфат» және «ЕуроХим» ЖШС-гі компанияларына қажет кадрларды даярлау бойынша мамандар әзірлеп жатқанын атап өтті. Ауданға келген ҚР Мәжіліс депутаттары көпсалалы оқу орны болғандықтан алдағы уақытта гуманитарлық бағытта мамандықтарды ашуды қолға алу қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, өңірдегі ірі кәсіпорын «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС кешенінде болды. Компания директоры Георгиади Игорь «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС кешенінің бүгінгі таңға дейін атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, таныстырды.

Сарысу ауданынан минералды тыңайтқыш өндіретін химиялық зауыт соғу жобасын қолға алған болатынбыз. Қазіргі таңда 500-ге жуық жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтып отырмыз. Зауыт толықтай қосылғанда 2000 жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Жалпы құны 350 млрд. теңге құрайтын жоба құрылысы аяқталғанда жылына 1400 тонна минералды тыңайтқыш өндіреді. Орташа жалақы 100 мың теңгені құрайтын болады,-деді.

Мәжіліс депутаттары компанияға аудан тұрғындарын жұмыспен қамтуды тапсырды. Одан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Зәуреш Жұманәліқызы мен Бақытгүл Қайыржанқызы аудандық орталық аурухананың жай-күйімен танысты.

Аудан бойынша 700 қызметкері бар мекеме жұмысы мен мамандардың сапалық құрамы көңілден шыққанымен, «Цифрлы Қазақстан» мақсатты бағдарламасының медицинаны цифрландыру бағыты бойынша бірқатар ескертпелер айтты. Осы бағытта жұмыстарды жандандыру керектігін ескертті.

Халық қалаулылары ауданының елді мекендерін егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етіп отырған «Ынталы» су қоймасының жағдайымен танысты. Сала мамандары су тарайтын канал арнасының сыйымдылығын 5 куб қылып кеңейту қажеттігін жеткізді. Су елді мекенге жетпей жайылып кететінін ескеріп, каналдарды науа (лотковый) қылып жасау керектігі жайында ұсыныстарын ортаға салды. Бұл мәселелерді халық қалаулылары тиісті орындарға жеткізіп, шаруаның шешілуін назарға алатындарын айтты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.