Ағымдағы жылы 30 тамыз күні Жамбыл жерінде тартысқа толы тамаша турнир өтеді деп күтілуде. Облыс әкімінің Кубогы үшін кіші футболдан БАҚ өкілдері бақ сынасады. Бұл туралы «ZhambylNews» AA хабарлайды.
Жалпы жүлде қоры 1,5 миллион теңге болатын бұл бәсекеге келген командалардың осалы жоқ.
Турнирге Астана қаласынан «ХАБАР» телеарнасы, Алматы қаласынан «АПОРТ» және «КТК» телеарнасының командалары, Алматы облысынан «ТҰРАН», Қызылорда облысынан«АҚМЕШІТ» командаларықатыспақ. Сондай-ақ, жасыл алаңда Түркістан облысының құрамасы мен Шымкент қаласының құрамасы және «ЕРНИЯЗ-МЕДИА» командасы бақ сынайды. Ал облыстың атынан турнирге «JAMBYL» телеарнасы және «TARAZ-PRESS» командасы қатысып, бақ сынайтын болады.
Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен дене шынықтыру және спорт басқармаларының ұйымдастыруымен өтетін турнирдің салтанатты ашылуы 30 тамыз күні сағат 09:00-де Тараз-Арена спорт кешенінде болады.
Әріптестік пен достық қарым-қатынасты арттыруды көздейтін бәсі биік бәсекені, журналистердің доп додасын көремін десеңіз келіңіздер! Есік ашық!