Бүгінде облыс орталығы Тараз қаласы аумағында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаланың бір өзінде мәдени-демалыс бағытындағы 10 нысан қайта жаңғыртылып, 4-еуінің айнала-төңірегіне абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жаңадан сағат стелласы орнатылып, Талас өзені жағалауында демалыс аймағы, аллеялар, спорттық, тарихи, мәдени кешендер салынады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі .
Сондай-ақ, «Жеңіс» саябағында «Урбостиль ЛТД» компаниясы ұсынған жобаға сәйкес Даңқ залының құрылысын салу көзделуде. Мұнда «Үшбұлақ» каналынан «Зербұлақ» көліне дейінгі жағалауды ретке келтіру, бекіту жұмыстары жүзеге асырылуда. Төле би көшесі мен «Зербұлақ» көлі аралығында жағажай ұйымдастырылып, Қазыбек би көшесі бағытында үлкен көпір салынбақ.
«Ежелгі Тараз» археологиялық кешені құрамында мұнаралар мен бекіністер, киіз үй қалашығы пайда болады. Келешекте осы кешен мен Тектұрмас биігі аралығын аспалы жол байланыстырады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, ТарМУ-дың іргесіндегі Атшабар аллеясын қайта жаңғырту сызбасы бекітілгені белгілі. Мұндағы құлама қыр беткейлері тұтастай алуан гүлмен көмкерілмек. Орталық алаңды да жаңарту күтілуде. Онда «әнші» субұрқақ орналастырылып, ескірген орындықтары мен торшерлері алмастырылмақ.
Бұған дейінгі сквердің ахуалы баршаға жақсы таныс, өте мүшкіл болатын. Демалып, тыныстайтын орын емес қайта көнерген саябақ көңілге кірбің салатындай-ақ. Ескірген су бұрқақтар, жолдағы тас төсемелер мен орындықтар, қоқыс жәшіктерінің әбден тозығы жетіп біткен. Махаббат аллеясындағы қос ғашықтың ескерткіші қаулап өскен шөптен көрінбей, арықтар сұрықсыз күйге енген. Бүгінде бұл орын құрылыс алаңына айналып, қызу жұмыстар жүргізілуде. Мұндағылардың сөзіне сенсек, 2 шақырымға жуық аумақ танымастай өзгермек. Жолдар жаңартылып, тас төсемелер мен орындықтардың барлығы жаңартылады. Сквердің баурайы текемет тектес көрініспен көмкеріледі. Сәндік ақ және қызыл тастармен ою ойылып, арасына гүлдер отырғызылмақ. Қыстың қыр астында екендігін ескерсек, бұл тұста көптің көкейінде қар астында қалған тастар сырғып түспей ме деген сауал сайрайды. Ал құрылысшылар көркем кілемнің әлі талай жыл қала көркіне сән қосатынына кәміл сенімді. Беріктігі соншалық, қиыршық тастар цементке отырғызылып, арасы темірмен бекітілуде. Құрылыс жұмыстарына қазына қаржысына бір тиында жұмсалмаған. «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында жергілікті кәсіпкер меценаттың бірі игілікті іс жасауда.Құрылыс материалдарымен қалалық әкімдік қамтамасыз етіп жатыр Жұмыстардың біршамасы аяқталып та қалды. Нәтижесі көзге ұрып тұр. Көнерген дүниелерді жаңғыртудан бөлек, сквердің кіре берісі мен шығысына қақпа орнатылады. Бестен астам шатыр тігіліп, өзге де жаңашылдықтар орын алмақ.
Тағы айта кетерлігі, «Жасыл ел-Тараз» ЖШС күшімен Ниетқалиев-Рысбек батыр көшелерінің қиылысындағы скверді абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарға бүгінде барлығы 20 адам тартылып отыр. Жалпы жұмыстар аяқталуға жақын. Жаңғырту жұмыстарының барлығы серіктестік демеушілік көмек ретінде өз қаражатына жүргізуде.