Бұған дейін Шымкент пен Талдықорғанда, Астанада журналистер арасында шағын футболдан түрлі республикалық турнирлер ұйымдастырылып тұратын. Сол үрдіс Тараз төрінде де жалғасын тапты. Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйытқы болуымен Конституция күніне орайластырылып, БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан республикалық турнирдің нәтижелері белгілі болды, – деп хабарлайды “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі.
Жарыс соңында облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Уәли жеңімпаздарды марапаттады.
1 орын алматылық «Апорт» командасына бұйырды. Жүлде-700 000теңге .
2 орын «Taraz Press» (Тараз қаласы) — 400 000теңге
3 орын «Ернияз» (Шымкент қаласы) — 200 000теңге
Сонымен қатар, Түркістан облысының ойыншысы Еркеғали Балажан «Үздік қорғаушы» номинациясымен марапатталса, Алматы облысының «Тұран» командасынан Ильяс Сайлаубайұлы «Үздік қақпашы» атағына ие болды. Ал, астаналық «Хабар» командасынан Нұрсұлтан Құрман «Үздік ойыншы», қызылордалық «Ақмешіт» құрамасынан Әділбек Жаханов «Үздік шабуылшы» атанды. Аталған номинациялар бойынша 25 000 теңге берілді.
Айта кетейік, жартылай финалдағы ойындар тартысқа толы болды. «Ақмешіт» пен «Апорт» 1:1 есебімен тең түсіп, ойын соңындағы пенальтиге жүгінді. Құрамында Тастанбек Жұмахан, Алмас Найманбай секілді тіс қаққан ойыншылары бар «Апорт» пенальти сериясында басымдық таныта білді. «Тараз-пресс» пен «Ернияз» арасындағы ойында да негізгі уақытта жеңімпаз анықталған жоқ. 2:2 есебімен тең түскен екі команда да пенальтиге арқа сүйеді. Футбол лотореясында «Тараз-пресс» қақпашысы Балқаш Ақылбаев қарсылас команда соққысын сәтті қайтарып, командасын финалға алып шықты.
Үшінші орын үшін өткен ойында «Ернияз» командасы «Ақмешіттен» басым түсіп, доданың қола жүлдесін иеленсе, финалда «Тараз-пресстен» 3:0 есебімен айласын асырған «Апорт» командасы бірінші орын, «Тараз-пресс» ұжымына екінші орын бұйырды.