Үкімет инновацияларды дамыту мәселесін талқылайды

0 3

Бүгін Үкімет отырысы өтіп, онда инновацияларды дамыту мәселелері талқыға түседі.

Отырыс аяқталғаннан кейін баспасөз конференциясы ұйымдастырылады. Онда талқыланған тақырыпқа қатысты БАҚ өкілдерінің сауалына Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жауап береді.

Айта кетерлігі, елімізде Astana Hub халықаралық инновациялық кластері құрылған. Бүгінде кластер Қазақстан мен Орталық Еуразиядағы IT-индустрияның негізгі орталығына айналып, стартаптар, инвесторлар және технологиялық компаниялар үшін қуатты экожүйе қалыптастырды. Оның еліміздің 20 өңірінде өкілдігі бар.

Сонымен қатар қазақстандық стартаптарды жаһандық нарыққа шығару мақсатында шетелде де кеңею жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта АҚШ-тағы Кремний алқабында, Сауд Арабиясында, Ұлыбританияда (Лондон), Сингапурда және Қытайда (Шанхай) халықаралық инновациялық хабтар ашылған.

Бүгінде Astana Hub арқылы құрылыс саласында 32 инновациялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Құрылысты басқару, сатып алу-сатуды автоматтандыру, объектілерді мониторингілеу, техниканы басқару және еңбекті қорғау үшін платформалар енгізіліп жатыр. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 750 жұмыс орны құрылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша қатысушылардың табысы 13 млрд теңге болды.

Естеріңізге сала кетейік, мұның алдындағы Үкімет отырысында жаңа Конституциясының нормаларын жүзеге асыру жолдары пысықталады. Бірінші болып баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзі басқаратын ведомствоға қатысты салалық қандай заңдарға түзетулер енгізілетінін атады. Оның дерегінше, мәдениет, ақпарат, БАҚ, архив ісі, мемлекеттік рәміздерді пайдалану, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара байланысы, дін мен жастар, отбасы саясаты салаларын реттейтін 20-дан астам заңнамалық актіге өзгеріс енгізу жоспарланып отыр.

— Бұл түзетулер негізгі конституциялық қағидаттарды іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, олар тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау, отбасы институтын нығайту және азаматтық қоғамды дамыту сияқты маңызды бағыттарды қамтиды. Қазақстанның Халық кеңесі құрылуына байланысты қоғамдық келісімді нығайту және этносаралық қатынастарды дамыту бағытындағы жұмыстар күшейтілетін болады, — деді ол.

Ал Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Конституцияның нормаларын іске асыру аясында «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы», «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы», «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» Конституциялық заңдардың жобалары әзірленгеніне назар аудартты.

— Жаңа Конституцияда жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында конституциялық заңдармен қаржы саласында арнайы құқықтық режим немесе «қарқынды даму қаласының» арнайы құқықтық режимі белгіленуі мүмкін екендігі көзделген. Осы орайда Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жолдауына сәйкес әзірленген «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Конституциялық заң жобасы аталған бағыттарды қамтиды, — деді Серік Жұманғарин.

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев дербес деректердің жаппай таралуы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізу және әкімшілік айыппұлдың шегін 5000 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін арттыру қарастырылып жатқанын атап өтті.

— Сондай-ақ азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюды жалғастырамыз және осы саладағы мемлекеттік бақылауды күшейтеміз. Аталған шаралар дербес деректерді қорғаудың сенімді жүйесін қалыптастырып, оларды өңдеу кезіндегі жауапкершілікті күшейтеді. Бұл азаматтардың цифрлық сервистер мен мемлекеттік институттарға деген сенімін арттыруға ықпал етеді, — деді министр.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа Конституция елдің болашақ архитектурасында жастардың рөлін күшейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

— Жаңа Конституцияның нормалары ғылым мен білім беру мәселелері бойынша тиісті заңнамалық актілерге енгізіледі. Бірақ бұл — техникалық жұмыс. Ұзақ мерзімді перспективада жаңа Конституция нормалары мемлекеттің дамуындағы және болашақ архитектурасын қалыптастырудағы негізгі идеологиялық платформа саналады. Сондықтан жаңа Конституцияның ережелері барлық жоғары білім беру бағдарламаларының мазмұнына енгізіледі. Арнайы жалпы білім беру пәндері аясында Әлеуметтік-саяси білім модулі енгізілетін болады, — деді Саясат Нұрбек.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, рақымшылық туралы заң қабылданғаннан кейін ол азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін жекелеген қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған адамдарға қолданылады. Олардың қатарына қауіпті, оның ішінде террористік, экстремистік және сыбайлас жемқорлық сипатындағы, азаптау қылмыстарын жасаған адамдар, сонымен қатар рецидивистер мен іздеуде жүргендер жатпайды.

— Бұдан басқа әкімшілік-рақымшылық аясында жеке тұлғалардың орындалмаған айыппұлдарын толық немесе ішінара есептен шығару мәселесін қарау жоспарланып отыр. Мұндай санаттағы адамдардың саны, айыппұлдардың мөлшері мен есептен шығару тәртібі заң жобасын әзірлеу барысында уәкілетті органдармен толық пысықталады, — деді ол.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқу бағдарламаларының мазмұны күшейтіліп, білім сапасына көңіл бөлінетіне тоқталды.

— Ақпараттық технологиялар саласын және цифрлық құзіреттерді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Негізгі басымдық бастауыш деңгейін нығайтуға арналады. Себебі дәл осы кезеңде баланың алдағы білім беру жолын айқындайтын базалық білім, дағдылар және құндылықтар қалыптасады, — деді министр.

Отырысты қорытындылаған Премьер-министр Олжас Бектенов Мәдениет және ақпарат министрлігіне жаңа Конституцияның нормалары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жоспарын әзірлеуді тапсырды.

Сонымен қатар Үкімет басшысы 10 сәуірге дейін Конституцияны жаппай таралыммен басып шығарып, мемлекеттік органдарға, білім беру, мәдениет ұйымдарына, кітапханалар мен сауда орындарына жеткізуді жүктеді.

— Цифрлық даму министрлігі Конституция мәтінін қолжетімді электрондық платформаларда орналастыруды қамтамасыз етсін. Білім беру саласында мектептерде, колледждер мен университеттерде Конституция ережелері бойынша оқу сабақтарын өткізу керек. Ол үшін Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктеріне 20 сәуірге дейін тиісті әдістемелік нұсқаулар мен оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуді тапсырамын, — деді ол.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.