Тараз қаласындағы » Бәйтерек» мөлтек ауданында 1200 оқушыға арналған мектеп-лицей пайдалануға берілді
Тараз қаласындағы » Бәйтерек» мөлтек ауданында 1200 оқушыға арналған мектеп-лицей пайдалануға берілді,- деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Облыс орталығында жаңадан бой көтерген «Бәйтерек» мөлтек ауданы тұрғындары №3 мектеп-лицейінің ашылуын ұзақ күтті. Бұған дейін «бәйтеректік» бүлдіршіндер қаладағы өзге мектептерге қатынап оқып келген-ді.
Асқар Мырзахметов, Жамбыл облысының әкімі:
— Өткен жылдың жетістіктерін біз дәстүрлі түрде кешегі тамыз конференциясында айттық. Тек қана жетістіктер емес, сондай-ақ, облысымыздағы білім саласында қандай проблемалар бар екені де айтылды. Бір сөзбен айтқанда, білім саласының маңыздылығы ескеріле отырып, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек жылдан-жылға ұлғайып келеді. Оны біз өз облысымыздан да көріп отырмыз. Биыл жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға беріліп отыр. Соның бірі бүгін сіз бен біз ашылуына қатысып отырған №3 мектеп-лицей. Білімнің мемлекет үшін, қоғам үшін маңыздылығын айтпаса да белгілі. Сондықтан бүгінгі білім күнінде сіздер мектеп қабырғасындағы әр күндеріңізді бос өткізбей, сапалы білім мен тәлім-тәрбие алуларыңызға шын жүректен тілектеспін. Әсіресе, бүгін бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндер үшін осыны тілейміз. Ұлағатты ұстаз, көрнекті ағартушы Ыбырай Алтынсариннің сөзімен айтқанда, осы жердегі тәлім-тәрбие мен білімді ықыласпен көңілдеріңізге тоқып, еліміздің үлкен азаматтары болуларыңызға біз тілектеспіз.
Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде мұнда 1200 оқушыға арналған мектеп-лицейі өз қызметіне кірісті. «Тараз құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас мердігер деп танылған нысан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасымен бой көтерген. Білім беру ошағының материалдық-техникалық базасы да заманауи үлгіде жабдықталған.
Сонымен қатар, мектеп жаңа модификациялы физика, химия, биология, лингафонды-мультимедиялық, компьютерлік кабинеттермен, кітапхана және 46 орынға арналған оқу залымен жабдықталған.
Айта кетейік, Жамбыл облысында «Білім күніне» орай 9 мектеп пайдалануға берілді. Атап айтқанда, білім күні Байзақ, Жуалы, Меркі, Талас аудандарында 1 мектеп, Қордай ауданында 2 мектеп, Тараз қаласында 3 мектептің қызыл лентасы қиылды. Осылайша жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бұған дейін үш ауысымда жұмыс істеп келген 3 мектеп пен 3 апатты жағдайдағы мектептің мәселелері шешілді.