Бүгін Тараз қаласында тұңғыш рет туристерге арналған дүңгіршектер ашылып, өз жұмысын бастады. Бұл туралы «ZhambylNews» Aқпараттық Агенттігі хабарлайды.
Жамбыл облысында 3000 мыңнан аса туристік нысан бар. Олардың ішінде қонақтар ең көп келетін XI ғасырдың тарихи нысаны «Қарахан» кесенесі. Туристерге арналған дүңгіршек дәл осы Қарахан және Айша бибі кесенелерінің кіре берісіне қойылып отыр. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ашылып отырған дүңгіршектерден келген қонақтар естелік кәдесыйлармен қатар облысымыздың туристік әлеуеті туралы жан-жақты ақпаратты қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ала алады.
— Қазіргі таңда туризмді дамытудың ең басты алғышарттарының бірі –қызмет көрсету сапасын арттыру. Бұл басқарма тарапынан жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың бір тармағы. Бүгінгі ашылып отырған дүңгіршектердің негізгі мақсаты пайда табу емес. Мақсаты — келген туристердің көкейіндегі көп сауалға толымды жауап беріп, ойынан шығу, облысымыздың оң имиджін қалыптастыру. Сонымен қатар, жергілікті қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету. Яғни, дүңгіршекте тұрған әрбір қызметкер шет елдік қонақтарға Тараздағы туристік нысандар, туристік фирмалар, сондай-ақ, қоғамдық тамақтану және демалыс орындары туралы толып жатқан ақпаратты берумен қатар жергілікті қол өнер шеберлері жасаған бұйымдар, олардың қазақ халқының тұрмыс салтындағы алатын орны жайлы жан-жақты мәлімет беріп, жарнамасын да жасайды, — деді облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова дүңгіршектердің салтанатты ашылуында.
Сондай-ақ, қаламызда алғаш рет ашылып отырған дүңгіршектің тұсауын «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық мұражайы директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков пен Қарлығаш Аралбекова кесті. Шара барысында шашулар шашылып, «Золотой караван» туристік фирмасының жетекшісі Альбина Веймерге басқарма атынан алғыс хат табыс етілді.
Айта кету керек, халықаралық стандарттарды негізге алған дүңгіршектер облыс әкімдігінің туризм басқармасы, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» қорық-музейі және «Золотой караван» туристік фирмасының бірлескен жобасы негізінде қолға алынып отыр.