Бүгін Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулетпен кездесу өтуде. Бұл туралы “ZhambylNews” Ақпараттық Агенттігі хабарлайды.
Жиында одақтың облыстағы филиалының атқарған жұмысы мен алдағы жоспары тыңдалды. Филиал төрағасы Хамит Есаман алдағы уақытта жамбылдық жас ақын-жазушылардың кеңесі ашылып, жыр жинақтарын шығару қолға алынатынын айтты.
Хамит Есаман, Қазақстан Жазушылар одағының Жамбыл облыстық филиалының төрағасы:
— «Қазіргі таңда өңірлерде жас қаламгерлерді қалыптастыру мәселесі үлкен әдебиеттен орын алып, өзін дәлелдеу үшін үлкен дүниелер қажет. Осы орайда, Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауы аясында жас ақындардың жеке жыр жинақтарын жарыққа шығару мәселесі қаралып отыр. Сондай-ақ, өмірден ерте озған ақындарды еске алу кештерін ұйымдастыру жоспарлануда».
Сондай-ақ, Ұлықбек Оразбайұлы Қазақстан Жазушылар одағына келер жылы 85 жыл толуына орай, одаққа мүше зейнет жасындағы жазушыларға тегін санаторийлер қарастырылатынын жеткізді.
Жиын соңы еркін əңгіме, ашық пікір алмасуға ұласты.